Театр және кино актері Дәурен Серғазин Республика күні қарсаңында "Құрмет" орденіне ие болды. Мемлекеттік награданы оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұлттық мереке қарсаңында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында сахна мен экранда түрлі образ сомдап жүрген Дәурен Серғазин де бар.
Актер бұл марапатты өнер жолындағы жиырма жылдық еңбегіне берілген баға деп қабылдағанын айтты.
"Өнер саласында жүргеніме биыл 20 жыл толды. Бұл марапатты сол еңбегімнің қорытындысы деп білемін. Марапат жауапкершілікті одан әрі арттырып, Қазақстан халқына мәдениет саласында қызмет етуге жаңа күш-жігер береді. Сондықтан өте қуаныштымын", – деді Дәурен Серғазин.
Өнер иесі қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, елге тыныштық, әр отбасына амандық тіледі. Сондай-ақ әр азамат елдің дамуына өз үлесін қосса деген тілегін жеткізді.
"Барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа жақсылық тілеймін. Әр азамат еліміздің дамуына өз үлесін қосса, нұр үстіне нұр болар еді", – деді актер.
Дәурен Серғазин кім?
Дәурен Серікбекұлы Серғазин – театр және кино актері, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1984 жылғы 6 қазанда Теміртау қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Қапал-Арасан ауылында өткен.
2002–2006 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік өнер мамандығы бойынша білім алған. Өнердегі ұстазы – режиссер, профессор Нұрқанат Жақыпбай. Еңбек жолында Тазабеков театрында қызмет етіп, 2007 жылдан бері Астанадағы Жастар театрында жұмыс істейді.
Көрермен оны "Алдар көсе" туындысындағы Алдар, "Жаужүрек мың бала" фильміндегі Сәбит, "Жас ұлан" телехикаясындағы лейтенант Талғатов және "Қара шаңырақтағы" Мәди рөлдері арқылы таниды. Актер "Ауыл сақшысы" фильмінде Ерен бейнесін де сомдаған.
Оның шығармашылығында театрдың орны бөлек. Жастар театры сахнасында "Қозы мен Баян" қойылымында Қозыны, "Ревизорда" Хлестаковты, "…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…" спектаклінде Қожаны ойнаған. Актерлікпен қатар режиссерлікпен де айналысып, Марк Левидің шығармасы негізінде "Жер мен көктің арасы" қойылымын сахналаған. Дубляж саласында да еңбек еткен.