freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Айбар Олжай: Жаңа тариф KAZ Minerals-тің зауыт салу шешіміне әсер етті ме?

MALIMet •
Айбар Олжай: Жаңа тариф KAZ Minerals-тің зауыт салу шешіміне әсер етті ме?
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін есептеудің жаңа әдістемесі бекітілген күні KAZ Minerals Ақтоғайда мыс балқыту зауытының құрылысын бастады. Бір кездері компания экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп таныған жобаның қайта қолға алынуына мемлекет қалыптастырған жаңа жағдайлар әсер етті ме? Бұл туралы Айбар Олжай Facebook-тегі жазбасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстанда 20 қазан күні мыс өнеркәсібі үшін маңызды екі оқиға болды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мыс концентратын өңдеу тарифін анықтаудың жаңа әдістемесі бекітілгенін хабарлады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоғайдағы KAZ Minerals мыс балқыту зауытының құрылысына ресми түрде бастау берді.

Бұл сәйкестік назар аудартады. Жаңа әдістеме мыс концентратын өңдеу тарифін қалыптастырғанда инвестициялық шығындарды да ескеруге мүмкіндік береді. Ал бірнеше жыл бұрын өз мыс балқыту зауытын салуды экономикалық жағынан тиімсіз деп санаған компания енді құны 1,8 млрд доллар болатын жобаны іске асыруға кірісті.

Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде жаңа экономикалық жағдайлар KAZ Minerals-тің инвестициялық есебін өзгерткен факторлардың бірі болды ма?

Болашақ кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіреді. Алғашқы өнімді 2030 жылы алу жоспарланып отыр.

Алайда жобаның стратегиялық маңызы туралы бүгінгі мәлімдемелердің ар жағында 11 жылға созылған уәделер, жобадан бас тарту және инвестициялық жоспарларды қайта қарау тарихы жатыр.

KAZ Minerals барлық мүмкіндікті іске қосып отыр

Қазір Ақтоғай жобасын жүзеге асыруға мемлекеттік қолдаудың бірқатар тетігі тартылған. Біріншіден, зауыт Қазақстандағы 17 ірі серпінді жобаның тізіміне және республикалық индустрияландыру картасына енгізілген. Бұл жобаны іске асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, мерзімдердің бақыланатынын және туындаған мәселелерді шешуге жауапты органдар жәрдемдесетінін білдіреді.

Екіншіден, жобаны қаржыландыруға Қазақстанның Даму банкі де қатысуы мүмкін. 2025 жылғы қарашада жобаның құжат жинаудың алғашқы кезеңінен өтіп жатқаны хабарланған еді. Ал 2026 жылғы маусымда KAZ Minerals басшылығы ҚДБ арқылы ұзақ мерзімді қаржы тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын растады. Несиенің мақұлданғаны туралы әзірге ашық мәлімет жоқ. Дегенмен мемлекеттік қаржы тарту мүмкіндігінің қарастырылуының өзі назар аударарлық.

Үшіншіден, ең қызығы, құрылысқа ресми түрде бастау берілердің алдында мемлекет мыс концентратын өңдеу тарифін анықтаудың жаңа әдістемесін бекітті. Бұл әдістеме тарифке өңдеу шығындары мен нормативтік пайданы ғана емес, жұмыс істеп тұрған мыс балқыту зауыттарын жаңғыртуға және жаңаларын салуға жұмсалатын инвестицияны да қосуға мүмкіндік береді.

Іс жүзінде жаңа өндіріс орындарына салынған қаржыны концентратты өңдеу құнына қосып есептеуге жол ашылды. Бұл зауыт салудың экономикалық нәтижесін алдын ала есептеуді жеңілдетеді. Өйткені инвестицияны тариф арқылы қайтару мүмкіндігі қарастырылған.

Сонда мынадай жағдай қалыптасып отыр: мемлекет жобаны стратегиялық маңызы бар нысан ретінде қолдауына алады, ҚДБ арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады, инвестициялық шығындарды ескеретін жаңа тариф ережелері бекітіледі. Осы тұста KAZ Minerals өз зауытын салуға дайын екенін тағы мәлімдейді.

KAZ Minerals ақыры өз мыс балқыту зауытын салып, мыс концентратын Қытайға тасуды тоқтатуы үшін мемлекетке өнеркәсіп саясатының қолда бар тетіктерінің бәрін дерлік іске қосуға тура келгені ме?

Құрылысты бастау рәсімінде Президенттің Конституцияға сәйкес табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін еске салып, белгіленген мерзімдерді сақтау қажеттігіне арнайы тоқталғаны да назар аударады.

Дегенмен мемлекеттің жобаға осынша көңіл бөлуі түсінікті. Компания 11 жыл ішінде жоспарын бірнеше рет өзгертті. Мұндай жағдайда инвестиция саламыз деген уәденің өзі жеткіліксіз.

Тиімсіз жоба ма, әлде стратегиялық маңызды өндіріс пе?

Ақтоғайдағы мыс балқыту зауытының тарихы 2015 жылдан басталады. Сол кезде KAZ Minerals директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Қазақстанда мыс концентратын өңдейтін өз өндірісін дамытуға қолдау білдірген.

"Мен мыс балқыту өндірісін дамытуға ниеттімін және түпкі өнім Қазақстанда шығарылуы керек деп есептеймін", – деген еді ол.

Алайда 2017 жылы KAZ Minerals зауыт салудан бас тартып, жобаны зерттеуге жұмсалған 16 млн долларды шығынға есептен шығарды.

2018 жылғы қаңтарда Новачук Kapital.kz басылымына берген сұхбатында бұл шешімнің себебін түсіндірді:

"Құны мен экономикалық тиімділігін зерттегенде, Қазақстанда тағы бір осындай өндіріс салудың еш мәні жоқ екенін түсіндік".

Компания өз зауытын салудың орнына Қытайдағы мыс балқыту кәсіпорындарының бос қуатын пайдалануды жөн көрді. Бірақ кен өндіруге миллиардтаған доллар салудан бас тартқан жоқ. Сол 2018 жылы KAZ Minerals Ақтоғай кен байыту комбинатын кеңейтуге арналған құны 1,2 млрд долларлық жобаны жүзеге асырып жатты.

Сонда концентрат өндірісін ұлғайтып, табиғи ресурстарды экспорттауға миллиардтаған қаржы салу тиімді болған да, оны Қазақстанның өзінде өңдейтін өндіріс салу тиімсіз болған.

2024 жылғы маусымда компания мыс балқыту зауытын салатынын қайта жариялады. Ол кезде жобаның құны 1,5 млрд долларға бағаланып, кәсіпорынды 2028 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған еді. Ал сол жылдың қазанында экологиялық құжаттарда басқа мерзім көрсетілді: құрылыс 2029 жылғы наурызда аяқталуға тиіс болды.

Енді, 2026 жылғы қазанда, инвестиция көлемі 1,8 млрд долларға жетіп, алғашқы өнімді тек 2030 жылы шығару уәде етіліп отыр.

Осылайша екі жылдың ішінде жобаның жарияланған құны 20 пайызға өсіп, оны жүзеге асыру мерзімі тағы кейінге шегерілді.

Ал қазір Новачуктың ұстанымы қайта өзгерді.

"KAZ Minerals үшін металлургиялық кешен салу – стратегиялық инвестициялық шешім әрі Қазақстан экономикасына салынатын ұзақ мерзімді қаржы", – деді ол Президент қатысқан телекөпірде.

11 жыл ішінде өз өңдеу өндірісін құру әуелі қажеттілік саналды, кейін экономикалық мәні жоқ жобаға айналды, енді қайтадан стратегиялық инвестициялық шешім деп танылып отыр.

Осыдан заңды сұрақ туады: жобаның экономикалық есебінде нақты не өзгерді?

Сегіз жыл бұрын тиімсіз саналған зауыт неге енді стратегиялық басымдыққа айналды?

Бұған мемлекет қалыптастырып отырған жаңа экономикалық жағдайлар қаншалықты әсер етті?

Қалай болғанда да, қазір жобаны іске асыруға мемлекеттік қолдаудың бірқатар тетігі жұмылдырылған. Соның ішінде қабылданған әдістеменің орны бөлек. Ол мыс концентратын Қазақстан ішінде өңдеудің тиімділігін арттырып, осы салаға инвестиция салуға қолайлы жағдай қалыптастырады.

20 қазандағы оқиғалардан кейін бұл өзгерістердің игілігін кімдер көруі мүмкін екені айқынырақ бола түсті. Ең алдымен, бұлар – қолданыстағы өндірістерін жаңғыртуға және жаңа қуаттарды іске қосуға мүдделі өңдеуші кәсіпорындар. Құны 1,8 млрд долларлық жобасы бар KAZ Minerals – осы нарықтың айқын қатысушыларының бірі.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу