Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда отандық өндірушілердің ішкі нарыққа шығуына әдейі тосқауыл қойылып жатқанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерді жемқорлық деп бағалап, кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласуды тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Президент 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты.
Мемлекет басшысы елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін әділ бәсекелестік қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне тең мүмкіндік беріліп, олардың нарықтағы құқығы қорғалуы тиіс.
Алайда Президенттің айтуынша, бұл талап барлық жағдайда бірдей орындалып жатқан жоқ. Отандық кәсіпорындар, соның ішінде азық-түлік өндірушілері өз өнімдерін нарыққа шығаруда түрлі қиындықтарға тап болуда.
"Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент импорттық тауарлардың құнын қолдан төмендету және қазақстандық өнімдердің ішкі нарыққа шығуын шектеу жағдайларына да назар аударды.
Оның пікірінше, мұндай әрекеттер адал бәсекелестікке нұқсан келтіріп қана қоймай, отандық бизнестің дамуына тікелей қауіп төндіреді.
"Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев кәсіпкерлерді экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық қудалауға қатысты шағымдар әлі де түсіп жатқанын жеткізді.
Осыған байланысты Президент экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыссыздандыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлікке негізсіз тосқауыл қоюдың салдары тек жекелеген компанияларға ғана емес, тұтас ел экономикасына әсер ететінін ескертті.
"Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді қорғау тетіктерін жетілдіру және олардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл жұмысты сауда бірлестіктерінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып та жүргізуге болады.
Президенттің мәлімдемесіне сәйкес, отандық кәсіпорындарға тең мүмкіндік беру, нарықтағы заңсыз шектеулерді жою және әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету экономикалық саясаттың маңызды міндеттерінің бірі болуы тиіс.