Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (METU) студенттердің Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының (ҚР ҰИА) президенті, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан математикалық қоғамының президенті Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловпен кездесуі өтті. Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына арналды, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесу барысында Бақытжан Тұрсынұлы Президенттің ел егемендігін нығайтуға, ұлттық мүддені қорғауға және Қазақстанның жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге қосып отырған үлесіне айрықша тоқталды. Ол Мемлекет басшысы ұстанған мемлекеттік саясаттың сабақтастығы мен дәйектілігін атап өтті. Күрделі халықаралық ахуал жағдайында Қазақстан Президентінің белсенді дипломатиялық қызмет жүргізіп, ел экономикасына инвестиция тартуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған жұмыстарына назар аударды.

Осы орайда Германиядағы келіссөздерді, Қытайлық әріптестердің қатысуымен Ақтоғай мыс балқыту зауыты құрылысының басталуын және NVIDIA компаниясымен жасанды интеллектіні дамыту перспективаларының талқылануын нақты мысал ретінде келтірді.
Қазақстандағы өзгерістер туралы айта отырып, Бақытжан Тұрсынұлы әрбір жаңа мектеп, аурухана мен жол Отанымызды нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосылған үлес екенін атап өтті. Ол бұл жетістіктерді Жолдауда белгіленген инфрақұрылымды, энергетиканы және цифрлық экономиканы дамытуға қатысты жаңа міндеттермен байланыстырды. Осы жасампаз жұмыстың жалғасы ретінде Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасын көтерді. Бақытжан Тұрсынұлы атап өткендей, бұл жоспарлардың негізінде болашақ ұрпақ алдындағы ортақ борышымыз жатыр. Бұл борыш — әркім лайықты өмір сүріп, өз қабілетін ашып, Отан игілігі үшін еңбек ете алатын қуатты, тәуелсіз әрі өркендеген Қазақстанды ұрпаққа аманат ету.
Ғылым мен кадр даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бақытжан Тұрсынұлы мықты ғалымдар мен жоғары білікті инженерлерге сұраныстың жоғары екенін, білім беру, қолданбалы зерттеулер және өндіріс арасындағы тығыз байланыстың қажеттігін атап өтті.

Инженерлік университет студенттері үшін энергетика, геология, көлік инфрақұрылымы мен цифрлық технологияларды дамыту міндеттері кәсіби жолын таңдаумен және білімін Қазақстанның игілігіне қолданумен тікелей байланысты.
Отан алдындағы жауапкершілік идеясы бүкіл баяндаманың өзегін құрады. Кездесудің отаншылдық рухы Тәуелсіздікті сақтау, қоғам бірлігі және әрбір азаматтың ел дамуына қосар жеке үлесі туралы әңгімеден айқын көрінді. «Адал азамат» идеясына тоқталған Бақытжан Тұрсынұлы Отанға деген сүйіспеншіліктің заңға құрметтен, жауапкершілік пен адал еңбектен көрініс табатынын атап өтті.
Ғылым мен технологиялардың болашағы туралы ой бөліскен ҚР ҰИА президенті Қазақстанның келешегі ең алдымен адамдарға — олардың құндылықтарына, біліміне және өз еліне деген көзқарасына байланысты екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, елдің ертеңін айқындайтын басты күш – білімді, саналы, жауапкершілігі жоғары және жасампаз ұрпақ. Сондықтан бүгінгі буынның алдында ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, келер ұрпаққа заманауи талаптарға сай дамыған, қуатты Қазақстанды табыстау міндеті тұр.