freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Күн көруге ақша жоқ": Қыздар университетінің студенттері тамақ ақшасының кешіккеніне шағымданды

Білім-ғылым •
"Күн көруге ақша жоқ": Қыздар университетінің студенттері тамақ ақшасының кешіккеніне шағымданды
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері қыркүйек айына тиесілі тамақ ақшасын әлі алмағанын айтты. Олардың сөзінше, қаражаттың түсетіні бірнеше рет хабарланғанымен, төлем жасалмаған, деп Malim.kz тілшісі Qumash.kz⁠-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Студенттер басылымның редакциялық боты арқылы хабарласып, төлемнің кешігуі күнделікті тұрмысына қиындық туғызғанын жеткізген.

"Қыркүйектің тамақ ақшасын әлі берген жоқ. Өткен аптада да, оның алдындағы аптада да "ертең түседі" деп айтумен болды. Бірақ ақша түспеді. Күн көруге қаражат жоқ", — деп шағымданған олар.

Qumash.kz университетке сауал жолдаған. Алайда басылымдағы материал жарияланған сәтте оқу орнынан жауап келмеген. Сондықтан төлемнің не себепті кешіккені және қашан аударылатыны әзірге белгісіз.

Осы тұста университетке алдағы жылдары түсетін студенттерді тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету тәртібін өзгерту де ұсынылып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Құжатты талқылау 3 қарашаға дейін жалғасады.

Жобаға сәйкес, 2027–2028 оқу жылынан бастап университетке білім грантымен қабылданатын студенттерге ыстық тамақ шығынын толық өтеу жеңілдігін кезең-кезеңімен шектеу көзделген. Қазіргі тәртіп бойынша грантта оқитын студенттердің ыстық тамаққа жұмсалатын шығыны толық өтеледі.

Министрлік бұл ұсынысты бюджет шығыстарын оңтайландыру қажеттігімен түсіндірген. Құжаттың түсіндірмесінде өзгеріс қосымша бюджет қаражатын талап етпейтіні және оның теріс әлеуметтік-экономикалық әрі құқықтық салдары болмайтыны көрсетілген.

Әзірге бұл — қабылданған шешім емес, талқылауға ұсынылған жоба. Ондағы өзгеріс 2027–2028 оқу жылынан бастап оқуға түсетіндерге қатысты. Ал қазір білім алып жүрген студенттердің қыркүйектегі тамақ ақшасына байланысты шағымы — бөлек мәселе. Оның мән-жайы мен төлем мерзімі жөнінде университеттің түсініктемесі күтіліп отыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу