Тележурналист Дана Нұржігіт Жанар Байсеміздің подкастында алғашқы жұбайы, марқұм журналист Владимир Рерихпен қарым-қатынасы туралы ашық әңгімеледі. Ол екеуінің қалай қосылғанын, ұлдары дүниеге келген кездегі қиындықтарды және отбасының ажырауына әсер еткен жағдайларды баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Дана Нұржігіттің айтуынша, Владимир алғаш көңіл білдірген кезде отбасылы болған. Сондықтан журналист оған өзінің ұстанымын бірден жеткізген.
"2001-де біз бірге тұра бастадық. Оңай болған жоқ. Ол өте әдеби адам еді ғой. Әдебиетке ғашық, сөзге ғашық филолог. "Жоқ, мен көлеңкеде өмір сүретін көңілдес бола алмаймын. Сен өзің бір жағына шық, мен бұған келіспеймін" дедім", – деп еске алды ол.
Подкастта Владимирдің бұрынғы некесін аяқтағаннан кейін Данаға үйленгені айтылды. Алайда журналист екеуінің қарым-қатынасына қатысты түрлі әңгіме тарағанын жасырмады. Оның сөзінше, өзін біреудің отбасына іріткі салды деп айыптағандар да болған.
Жанар Байсеміз Владимир сөз салғанға дейін оған өзінің де көңілі болған-болмағанын сұрады. Дана оның редакцияда көпшілік құрметтеген, тартымды тұлға болғанын жеткізді.
"Бүкіл редакция ол кісіге ғашық болды. Қазақ редакциясының қызына сөз салып, ғашық болғаны, менің ойымша, барлығы үшін сенсация болды", – деді тележурналист.
Дана екеуінің сүйіп қосылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Владимирдің зиялылығы, білімі мен өзіне көрсеткен құрметі ерекше әсер қалдырған. Осы сәттерді еске алған журналист көзіне жас алды.
Ол жұбайының өз бойындағы адамдық қасиеттерін бағалағанын, тұлға ретінде сыйлағанын айтты. Дананың сөзінше, олардың жақындасуына ұлт айырмашылығынан гөрі өзара түсіністік пен құрмет негіз болған.
"Бүкіл жаным, тәнім балаға кетті"
Әңгіме барысында Дана тұңғышын он жыл күткенін жеткізді. Алайда жүктілік кезінде дәрігерлер баласының денсаулығына байланысты алаңдатарлық болжамдар айтқан.
Оның еске алуынша, жүктіліктің бесінші айында құрсақтағы сәбидің бір өкпесіне сұйықтық жиналғаны анықталған. Дәрігерлер өзге де ықтимал қауіптер туралы ескерткен. Бала дүниеге келгеннен кейін Дана бар күшін ұлының күтіміне жұмсаған.
"Мен Әлімді он жыл күттім. Бүкіл жаным, тәнім әлжуаз болып туған балаға кетті. Күйеуді назарсыз қалдырдым. Володя назарсыз болып кетті. Өйткені маған баланы құтқару керек болды", – деді ол.
Дәл осы кезең Владимирдің кәсіби өміріндегі қиындықтармен тұспа-тұс келген. Дананың айтуынша, жұбайы өзі қалыптастыруға еңбек сіңірген "Хабардағы" жұмысынан кеткеннен кейін ауыр күйзелісті бастан өткерген.
Журналист Владимирдің шығармашылық мүмкіндігін жоғары бағалап, оның мықты сценарист, актер әрі режиссер болуға қабілеті жететінін айтты. Алайда қызметіндегі дағдарыс оған ауыр тигенін жеткізді.
Дана бұл жағдайға қатысы бар деп санайтын адамға да өкпесін білдірді. Оның сөзінше, Владимир өзі жақсылық жасаған адамның әрекетін сатқындық ретінде қабылдап, өмірінің соңына дейін ұмыта алмаған. Сұхбат үзіндісінде ол адамның аты аталмайды.
Тележурналист басшының өзіне қарсы пікір айта алатын, қажет кезде "жоқ" дей білетін мамандарды бағалауы керектігін де атап өтті.
"Жағдай өзгеретін шығар деп бір жыл күттім"
Дана отбасылық қарым-қатынастың үзілуіне байланысты жауапкершілікті тек бұрынғы жұбайына жүктемейтінін айтты. Оның пайымынша, сол кезде екеуі де бір-бірінің жағдайын толық түсіне алмаған.
"Ал енді екеуміздің екі жаққа кеткенімізге екеуміздің де кінәміз бар сияқты", – деді ол.
Өзі баласының денсаулығымен әлек болып жүргенде, Владимирдің жан дүниесіндегі күйзелісті басқа адам түсініп, оған көңіл бөлгенін жеткізді.
"Мен әлек болып кеттім деген кезде, сол көңіл күйді, сол алай-дүлей жан дүниесіндегі нәрсені басқа адам түсініп кетті, басқа адам көңіл бөлді", – деді Дана.
Сұхбатта Владимирдің кейін үшінші рет отбасы құрғаны да сөз болды. Дана бір жыл бойы жағдайдың өзгеруінен үміттенгенін, сол кезеңде өзін де кінәлағанын айтты.
Владимир Рерих кім болған?
Владимир Рерих — қазақстандық журналист, тележүргізуші, режиссер және медиаменеджер. Ол 1958 жылы Талдықорғанда дүниеге келген. Еңбек жолында "Советский Казахстан" киножурналында, кейін "Қазақфильм" киностудиясында жұмыс істеген.
1996-2003 жылдары "Хабар" агенттігінде басшылық қызметтер атқарып, бас директор болған. Көрерменге "Поздний Рерих" авторлық бағдарламасы арқылы да танылған. 2006-2011 жылдары Еуразиялық медиафорумның бас продюсері қызметін атқарған.
2012 жылы Германияға қоныс аударған. Өмірінің соңғы жылдарында YouTube желісінде авторлық жобасын жүргізген. Владимир Рерих 2024 жылдың қаңтарында Берлинде 66 жасында өмірден өтті. Дана Нұржігіт екеуінің Әлім есімді ұлы бар.
Дана Нұржігіт кім?
Дана Нұржігіт — қазақстандық тележурналист, тележүргізуші және бұрынғы Сенат депутаты. 1972 жылы дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген, алғашқы кәсіби білімі музыка саласымен байланысты.
Телевизияда "Хабар" және "Қазақстан" арналарында еңбек еткен. Жаңалықтар жүргізіп, редактор әрі продюсер болған. Көпшілікке "Дара жол" бағдарламасының жүргізушісі ретінде де таныс. 2019-2023 жылдары Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты қызметін атқарған.