Танымал продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқан әлеуметтік желіде оқырмандарына жүрекжарды алғысын білдірді. Өнер иесі соңғы уақытта көпшіліктен ерекше құрмет пен қолдау көріп жүргенін айтып, ішкі сезімін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Мөлдір Мұқанның жазуынша, халықтың жылы сөзі мен ақ тілегі оған күш-қуат беріп, көңілін көтереді. Әсіресе үлкендердің батасы, құрбыларының жанашырлығы және жастардың құрметі өзін ерекше бақытты сезіндіретінін жеткізді.
Продюсер көпшіліктің ықыласы кейде өзін балалық шағына қайта оралғандай сезіндіретінін жасырмады.
"Сәби Мөлдір, ерке Мөлдірді оятқан әрбір оқырманыма алғыс айтамын, рас сіздер еркелеткенде өзімді бөпе, сәби сезінемін. Білсеңіздер ғой, сіздерді қалай жақсы көретінімді. Қай жаққа барсам да үлкендер маңдайымнан сүйіп, арқамнан қағып еңсемді көтеріп жібереді. Қатарлас құрбыларым шайға шақырып, сыйлықтарын сыйлап кеуделеріне қысып құшақтап жатады. Кішілер де суретке түсіп, сыйлап, құрмет көрсетіп жатады.
Инстаоқырмандарым, сіздер тіпті ерекшесіздер. Маған беріп отырған баталарыңыз қабыл болсын. Жақсы тілектеріңіз мені керемет қанаттандырып жүр. Абырой Алладан әрине. Мені осылай жаратты, осы бар болмысыммен қабылдағандарыңыз үшін, кең жүректеріңіз үшін рақмет айта бергім келеді.
Ана ретінде, адам ретінде еліме пайдам тисе, құнды қызмет жасасам деген ниетімді, Жаратушым қабыл ете гөр", – деп жазды өнер иесі.
Мөлдір Мұқан өзін қолдап, жанашырлық танытып жүрген жандардың ықыласын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мөлдір Мұқан той үстінде ерекше сыйлыққа ие болғанын жазған едік.
Мөлдір Мұқан кім?
Мөлдір Мұқан – қазақстандық продюсер, әнші, актриса және отандық шоу-бизнес өкілі. Ол көпшілікке шығармашылық жобалары, телевизиялық бағдарламаларға қатысуы және әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы танылған.
Өнер иесі ұзақ жыл бойы мәдениет және ойын-сауық саласында еңбек етіп, түрлі концерттік бағдарламалар мен шығармашылық жобаларды ұйымдастыруға атсалысқан. Кейінгі жылдары жеке шығармашылығына да көбірек көңіл бөліп, әншілік және актерлік қырынан көрініп жүр.
Мөлдір Мұқан жеке өміріне қатысты оқиғаларымен де қоғам назарында болды. Ол танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы. Екеуінің отбасылық өмірі мен ажырасуы туралы жаңалықтар бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланған.
Қазір продюсер шығармашылық жұмысын жалғастырып, әлеуметтік желіде күнделікті өмірі, балалары және алдағы жоспарлары туралы жазбалар жариялап тұрады. Сондай-ақ сұхбаттарында басынан өткен қиындықтары мен өмірлік тәжірибесі туралы ашық айтып келеді.