freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Абай музейі ашылып, Disney құрылған күн: 16 қазанда қандай оқиғалар болды?

MALIMet •
Абай музейі ашылып, Disney құрылған күн: 16 қазанда қандай оқиғалар болды?
Фото: ЖИ арқылы жасалған

16 қазан тарихта ғылым мен мәдениетке қатысты маңызды оқиғаларымен қалған. Бұл күні Семейде Абай музейі ашылып, әлемге әйгілі Disney компаниясының негізі қаланды. Сондай-ақ медицинада ауырсынуды басып ота жасау мүмкіндігі көпшілік алдында көрсетілді. Malim.kz тілшісі осы күннің есте қалар оқиғаларын ұсынады.

1940 жыл: Семейде Абай музейі ашылды

1940 жылғы 16 қазанда Семейде Абайдың әдеби-мемориалдық музейі келушілерге есігін ашты. Биыл мәдениет ордасының құрылғанына 86 жыл толып отыр.

Музей ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Оны ашу туралы қаулы сол жылдың 1 сәуірінде қабылданған. Абай мұрасын жинап, көпшілікке таныстыратын орталық құруға Мұхтар Әуезов ұйытқы болды.

Бұл бастама ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды дүниелерді бір жерге жинауға жол ашты. Музей Абайдың әдеби мұрасын сақтап, зерттеп, кейінгі ұрпаққа таныстыратын рухани орталыққа айналды.

1846 жыл: ауырсынуды басып ота жасау әдісі көрсетілді

1846 жылғы 16 қазанда АҚШ-тың Бостон қаласындағы Массачусетс жалпы ауруханасында медицина тарихындағы маңызды тәжірибе өтті. Тіс дәрігері Уильям Мортон хирургиялық ота кезінде эфирді жансыздандыру үшін қолдану әдісін көпшілік алдында көрсетті.

Хирург Джон Коллинз Уоррен мойнында ісігі бар науқасқа ота жасады. Отадан кейін науқас ауырсынуды сезбегенін айтқан.

Бұл оқиға эфирмен жансыздандыру әдісінің кең таралуына ықпал етті. Дәрігерлер үшін күрделі операцияларды науқасты қинамай жасауға мүмкіндік ашылды. Тарихи тәжірибе өткен зал кейін "Эфир күмбезі" деген атаумен танылды. Биыл осы оқиғаға 180 жыл толды.

1923 жыл: Disney тарихы басталды

1923 жылғы 16 қазанда Уолт Дисней Маргарет Уинклермен "Alice Comedies" туындыларын тарату жөніндегі келісімге қол қойды. Осы күн бүгінгі The Walt Disney Company компаниясының құрылған күні саналады.

Уолт пен оның ағасы Рой бастаған студия алғашқы кезде Disney Brothers Cartoon Studio деп аталды. Олардың жобасында шынайы өмірдегі қыздың оқиғалары суретпен салынған кейіпкерлер әлемімен ұштастырылды.

Кейін шағын студия әлемге танымал анимациялық фильмдер шығаратын компанияға айналды. Disney тарихының басталуына негіз болған құжат небәрі төрт бетке жуық болған. Биыл компанияның құрылғанына 103 жыл толды.

1945 жыл: азық-түлік мәселесімен айналысатын халықаралық ұйым құрылды

1945 жылғы 16 қазанда Канаданың Квебек қаласында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы — FAO құрылды.

Ұйымның жұмысы аштықты азайтуға, адамдардың құнарлы әрі қауіпсіз тағамға қол жеткізуіне және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Соғыстан кейін құрылған ұйым елдердің азық-түлік жүйесін қалпына келтіруіне көмектесуді көздеді.

FAO-ның құрылған күніне орай жыл сайын 16 қазанда Дүниежүзілік азық-түлік күні аталып өтеді. Бұл күн тамақты ысырап етпеу, табиғи ресурстарды сақтау және азық-түліктің баршаға қолжетімді болуы мәселелеріне назар аудартады. Биыл ұйымның құрылғанына 81 жыл толып отыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу