Қазақстанда 9 қарашадан бастап су есептегіш құралдарын орнату тәртібі өзгерді. Енді жаңадан орнатылатын құрылғылар су шығыны туралы мәліметті қашықтан жіберуі тиіс. Осыған байланысты тұрғындар бұрынғы есептегіштерін міндетті түрде ауыстыруы керек пе деген сұрақ туындады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа талаптың кімдерге қатысты екенін түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, су тұтынуды есепке алатын құрылғылар қашықтан дерек жіберу мүмкіндігімен жабдықталуы қажет. Алайда бұл өзгеріс барлық тұрғынның қолданыстағы есептегішін дереу ауыстыруы керек дегенді білдірмейді.
Ескі су есептегіштерін ауыстыру міндетті ме?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, дұрыс жұмыс істеп тұрған су есептегіштерін ауыстырудың қажеті жоқ.
Тұрғындар қолданыстағы құрылғыларын пайдалануды жалғастыра алады. Тек олардың техникалық жағдайы талапқа сай болып, мерзімдік тексеруден уақытында өтуі қажет.
Әдетте мұндай тексеру төрт-бес жыл сайын жүргізіледі. Нақты мерзім есептегіштің түріне байланысты болады. Яғни жаңа ереженің қабылдануы өздігінен ескі есептегішті ауыстыруға негіз болмайды.
Қандай жағдайда жаңа есептегіш орнату қажет?
Министрлік қашықтан мәлімет жіберетін жаңа үлгідегі құрылғыны орнату талап етілетін үш жағдайды атады.
Біріншіден, су есептегіш алғаш рет орнатылған кезде жаңа талапқа сай құрылғы таңдалуы тиіс.
Екіншіден, қолданыстағы есептегіш бұзылып, жарамсыз болып қалса немесе міндетті тексеруден өтпесе, оны жаңасына ауыстыру қажет.
Үшіншіден, құрылғының өндіруші белгілеген пайдалану мерзімі аяқталған жағдайда жаңа есептегіш орнатылады.
Көптеген есептегіштердің қызмет ету мерзімі шамамен 10–15 жылды құрайды. Алайда нақты көрсеткішті өндіруші белгілейді. Бұл талап пәтерлерге, жеке тұрғын үйлерге және заңды тұлғаларға қолданылады.
Су есептегішін ауыстыру қанша тұрады?
Жаңа құрылғылардың бағасы мен оларды орнату құны тұрғындарды алаңдатуы мүмкін.
Есептегіш орнататын компаниялар әртүрлі баға ұсынған. Мәселен, екі есептегішті орнату шамамен 90 мың теңгеге түсуі мүмкін. Кейбір компанияларда бір құрылғыны орнату 60–70 мың теңге шамасында бағаланады. Ал бірнеше есептегішті бір байланыс модуліне қосу мүмкіндігі болса, бір құрылғыға кететін шығын 20 мың теңгеден басталуы ықтимал.
Дегенмен бұл бағалар түпкілікті бекітілген тариф емес. Нақты құн құрылғының үлгісіне, байланыс жүйесіне қосылу тәсіліне және орнату жағдайына байланысты анықталады.
Есептегішті кім өз қаражатына ауыстырады?
Есептегішті күтіп ұстау және ауыстыру міндеті құрылғының кімге тиесілі екеніне байланысты.
Егер құрылғы тұрғынның жеке меншігінде болса, оны ауыстыруға кететін шығынды пәтер иесі төлейді. Ал есептегіш сумен жабдықтау ұйымының балансында болса, оған жауапкершілік сол ұйымға жүктеледі.
Құрылысы аяқталмаған үйлердегі есептегіштерге тапсырыс беруші немесе құрылыс салушы жауап береді. Сумен жабдықтаушы ұйымға тиесілі емес ортақ үй есептегіштеріне мүлік иелері бірлестігі, пәтер иелері кооперативі немесе үйді басқаратын басқа ұйым жауапты болады.
Жаңа талап кімдерге қолданылмайды?
Министрлік мәліметінше, жаңа ережелер елді мекендердің орталықтандырылған су желісіне қосылмаған сумен жабдықтау жүйелеріне қолданылмайды. Сондай-ақ табиғи су айдындарынан алынатын судың бастапқы есебіне қатысты құрылғылар бұл талапқа кірмейді.
Қорыта айтқанда, су есептегіші дұрыс жұмыс істеп тұрса және міндетті тексеруден өтсе, оны тек жаңа ереже шыққаны үшін ауыстырудың қажеті жоқ. Ал құрылғы істен шыққан немесе пайдалану мерзімі аяқталған жағдайда қашықтан мәлімет жіберетін жаңа есептегіш орнату талап етіледі.
Тағы да оқыңыз: Бір қателік әлем тарихын өзгертіп жіберді: Кездейсоқ ашылған ұлы жаңалықтар.