Еттің бабында пісуі оны дұрыс таңдау мен дайындау тәсіліне байланысты. Кейде бірнеше сағат қайнатқан еттің өзі қатты болып қалуы мүмкін. Malim.kz тілшісі етті жұмсақ әрі дәмді етіп пісірудің бірнеше тәсілін ұсынады.
Етті талшығына көлденең тураңыз
Етті талшығының бойымен емес, көлденеңінен тураған жөн. Осылайша ұзын талшықтар қысқарып, піскен етті шайнау жеңілдейді. Бұл әдіс әсіресе сиыр етін қуырарда тиімді.
Баяу отта пісіріңіз
Сіңірі көп етті қатты отқа қойып, асығыс пісіру дұрыс емес. Баяу отта ұзақ бұқтырғанда еттің дәнекер тіндері жұмсарып, еті борпылдақ әрі дәмді болады.
Пияз қосыңыз
Етті туралған немесе үгітілген пиязбен араластырып, тоңазытқышта бірнеше сағат ұстауға болады. Пияз етке ерекше дәм мен хош иіс береді.
Айранға салып қойыңыз
Айранның құрамындағы сүт қышқылы еттің сыртқы қабатын жұмсартуға көмектеседі. Бұл тәсілді кәуап немесе қуырдақ дайындағанда қолдануға болады.
Етті шамадан тыс қуырмаңыз
Етті ұзақ уақыт қатты отта қуыру оның бойындағы ылғалды азайтады. Соның салдарынан ет құрғап, қатайып кетеді. Сондықтан еттің түріне қарай тиісті пісіру тәсілін таңдаған абзал.
Піскен етті бірден турамаңыз
Қуырылған немесе пеште піскен етті дастарқанға қояр алдында 5–10 минут тынықтырып алған жөн. Бұл еттің шырынын сақтап, құрғап кетпеуіне көмектеседі.
Ең бастысы – еттің қай бөлігінен қандай тағам әзірлеуге болатынын білу. Сіңірі көп етті асып немесе бұқтырып пісірген дұрыс болса, жұмсақ бөліктері қуыруға қолайлы.