Театр және кино актрисасы Жанаргүл Жаныаманова тұңғыш ұлы Нұрмұхамметтің қазасынан кейінгі өмірі туралы айтты. Өнер иесі журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында бес ай бойы бастан өткерген күйзелісін, өзін кінәлаумен қалай күрескенін және осы қиын кезеңде не нәрседен жұбаныш тапқанын баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Сұхбат барысында Жанаргүл Жаныаманова ұлынан айырылғанына бес ай өтсе де, бұл қайғыны әлі толық қабылдай алмағанын жеткізді. Актриса өміріндегі ауыр сынақтың махаббат пен сабыр туралы түсінігін өзгерткенін айтты.
“Жара әлі жазылған жоқ. Бес-ақ ай өтті. Бұрын риясыз махаббат қандай болады деп ойлаушы едім. Міне, қазір Құдай маған сол риясыз махаббатты үйретіп жатыр. Шыдамның шегі жоқ шығар. Құдайдың өзі шексіз ғой. Махаббат та шексіз. Адам баласы бәріне шыдай алады”, – деді ол.
Өнер иесінің айтуынша, жақын адамынан айырылған кезде ең қиыны – болған оқиғаға өзін жауапты сезіну. Ол баласының қазасынан кейін түрлі ойға беріліп, кезінде қабылдаған шешімдеріне қайта-қайта оралғанын жасырмады.
“Жақының осы өмірден өтіп, мәңгілік өмірге аттанғанда, адам ең алдымен өзін кінәлайтын шығар. Соған төтеп беру қиын. Біреулер дәрігерлерді кінәлайды, біреулер сол жағдайға қатысы бар адамдарды кінәлайды. Бірақ бірінші кезекте өзіңді кінәлайсың. "Сол кезде жанында болғанымда, басқаша емдегенде, мынаны дұрыс жасағанда бәрі басқаша болар ма еді?" деген ойлар келеді. Мұндай сезім менде де, жақындарымда да болды”, – деп әңгімеледі актриса.
Жанаргүл бұл ауыр кезеңде өзін кінәлаудан арылу маңызды болғанын айтты. Оның пайымынша, адам өткен оқиғаны өзгертуге тырысқаннан гөрі, өмірден өткен жақынының рухына қандай жақсылық жасай алатынын ойлағаны жөн.
“Бірақ бұл – Құдайдың ісі. Біз оның бастауы емеспіз. Бәрі Құдайдан екенін түсіну керек. Сондықтан оған да ауыр болмас үшін, ең алдымен өзімізді емес, оның болашағын ойлауымыз қажет. Қазір не істей аламыз, қандай пайдамызды тигізе аламыз – соны жасау керек деп ойлаймын”, – деді ол.
“Құдайдан шын жүрегіммен сұрадым”: актриса неден жұбаныш тапты?
Жанаргүл Жаныаманова ұлының қазасынан кейін рухани ізденіске көбірек көңіл бөлген. Ол осы уақыт аралығында өзіне ауыр тиген сезімдерді жеңуге сенімі көмектескенін жеткізді.
“Маған Құдаймен тілдесу көмектесті. Түбегейлі кешіру деген бар ғой. Оның қалай жүзеге асатынын біз білмейміз. Бірақ Құдайдан шын жүрегіңмен сұрағанда, сол кешірімді өзі береді екен. Мен Құдайдың шынымен де еститінін сездім. Маған жауап келді, соның арқасында көп нәрсені түсіндім”, – деді Жанаргүл.
Өнер иесі бұл сезімді сөзбен жеткізудің өзі қиын екенін де мойындады. Оның айтуынша, ұлының қазасынан кейінгі бес айда басынан өткен рухани толғаныстарын көпшілікке толық баяндауға әлі дайын емес.
“Аян да болды, жүрегіммен де сездім. Осы бес ай өте қиын өтті. Құдайдан шын жүрегіммен сұрағанымда, жаныма тыныштық берді. Мұны айтуға да қорқып отырмын. Өйткені бұл – өте жеке, интимді процесс”, – деп түсіндірді актриса.
“Нұрмұхаммет нағашы әжесінің баласы болды”
Сұхбат барысында Жанаргүл ұлының тәрбиесіне анасының көп көмектескенін де айтты. Ерлі-зайыптылар жұмыспен, гастрольдік сапарлармен жиі жүретіндіктен, Нұрмұхаммет уақыттың көп бөлігін нағашы әжесінің жанында өткізген.
“Нұрмұхамметті нағашы әжесінің баласы болды десем де болады. Біз көбіне гастрольде, жұмыста жүрдік. Анам оның өсуіне, тәрбиесіне көп атсалысты. Нұрмұхамметтің өмірден өтуі бізді бұрынғыдан да жақындастырды. Қазір анаммен еркін сырласа аламын. Бұл маған ұнайды”, – деді ол.
Жанаргүл мен Рүстем Жаныамановтар кім? Нұрмұхаммет туралы не белгілі?

Жанаргүл Жаныаманова – театр және кино актрисасы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі. Оның жұбайы Рүстем Жаныаманов та актер, режиссер әрі продюсер. Рүстем көрерменге әсіресе “Келінжан” телехикаясындағы Қылышбек рөлі арқылы танылған. Ерлі-зайыптылар 2024 жылы “Сен маған керексің” фильмінде бірге өнер көрсетті.
2026 жылғы 1 маусымда өнерлі отбасының тұңғыш ұлы Нұрмұхамметтің дүниеден өткені белгілі болды. Қаралы хабарды әртістердің әріптестері әлеуметтік желіде жариялаған. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 2 маусымда Алматы облысының Жамбыл ауылында өтті.
Бұған дейін ерлі-зайыптылар ұлдарының денсаулығына байланысты бірнеше жыл бойы қиын кезеңді бастан өткергендерін айтқан. Олар Нұрмұхамметтің сауығып кетуі үшін ұзақ уақыт ем іздеп, бар күш-жігерін жұмсаған. Алайда баласының нақты неден қайтыс болғаны туралы ресми қорытынды жарияланбаған.