"KeshYOU" тобының бұрынғы әншісі Анель Аринованың әкесі өмірден өтті. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында әкесіне деген сағынышын жеткізіп, жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Әншінің әкесі Ғали Аринов нейрохирург болған. Ол 1950 жылы 3 қарашада дүниеге келіп, 2026 жылы 24 қарашада 76 жасында өмірден озған.
Анель Аринова әкесінің енді жанында болмайтынын қабылдау қиын екенін айтып, оған деген алғысын білдірді.
"Енді бұрынғыдай жанымда болмайтыныңды түсіну қорқынышты... Саған жай ғана қоңырау шалып, даусыңды естіп, жаңалықтарыммен бөлісіп, ақыл-кеңес сұрап, бірге күле алмайтынымды түсіну қорқынышты...
Әке, бұған үйрене алмайтынымды білемін... Енді бәрі басқаша болады...
Бәрі үшін рақмет, әкешім. Өмірің үшін, махаббатың үшін, артыңда қалдырған дүниелерің үшін рақмет. Сені жақсы көремін. Әрдайым жақсы көретін боламын", – деп жазды әнші.
Өнер иесінің оқырмандары мен әріптестері оған көңіл айтып, қайғысына ортақтасты.
Марқұмның неден қайтыс болғаны айтылмады.
Анель Аринова кім?
Анель Аринова – қазақстандық әнші, актриса, продюсер, "KeshYOU" тобының алғашқы құрамында өнер көрсеткен әншілердің бірі.
Ол 1981 жылы 4 мамырда Талдықорған қаласында дүниеге келген. Бес жасынан көркем гимнастикамен айналысып, фортепианода ойнауды үйренген. Мектеп қабырғасында жүріп квартет құрамында ән айтып, түрлі мерекелік шараларда өнер көрсеткен.
1998 жылы Алматы қаласына көшіп, туризм саласы бойынша білім алған. Алайда мамандығы бойынша ұзақ жұмыс істемей, өнерге бет бұрған.
Әншінің шығармашылық жолында әкесінің де орны ерекше. Ол алғашқы әндерінің бірін әкесі жазған өлеңге әуен шығару арқылы дүниеге әкелген. Кейін танымал әнші Айжан Нұрмағамбетованың назарына ілігіп, онымен бірге гастрольдік сапарларға шыққан.
2006 жылы "KeshYOU" тобының құрамына қабылданып, Мөлдір Әуелбекова және Зумрад Гараевамен бірге сахнаға шыққан.
Топтан кеткеннен кейін жеке шығармашылығына ден қойды. 2013 жылы "Ғажайып" әніне түсірілген бейнебаяны жарық көріп, ЕМА музыкалық сыйлығының "Жыл дебюті" аталымында жеңіске жетті. Сол жылы Turkvision халықаралық ән байқауының жартылай финалына өтті. Forbes Kazakhstan басылымының шоу-бизнес жұлдыздары рейтингінде 18-орынға ие болды.
Анель Аринова актрисалық қырынан да танылып, "Сұлу бойжеткен", "Городские легенды" телехикаяларына түскен. 2014 жылы ана атанды. Кейін продюсерлікпен айналысып, 2017 жылы "Shamis" атты қыздар триосын құрды.