Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Толқын Забирова Instagram парақшасында бейнежазба жариялап, жұбайы Сафар Бабаевтың өзіне қалай үйленуге ұсыныс жасағанын еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Толқын Забирова қазіргі жастардың сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасау үшін ерекше орындар таңдап, түрлі тосынсый ұйымдастыратынына назар аударған. Әнші мұндай сәттердің әдемі әрі романтикаға толы екенін айтып, өз басынан өткен оқиғаны еске алды.
"Заман-ай, заман" деген осы шығар. Уақыт өзгерген сайын салт-дәстүр де өзгеріп жатыр. Қазір жастардың үйленуге ұсыныс жасауының неше түрлі жолын көріп, таңғаласың. Меніңше, ерекшеленеміз деп ғарышқа ғана ұшпаған шығар. Су астында да, аспанда да, теңізде де, түрлі аралдарда да ұсыныс жасап жатады. Жігіт сүйіктісінің алдында бір тізерлеп отырып, жүрекжарды сөздерін айтады. Мұның бәрі өте романтикаға толы.
Жастардың жүрек түкпіріндегі сезімін білдіру үшін осындай ерекше жолдар табатыны қуантады. Ал менің жағдайым қалай болды дейсіздер ғой? Бәрі өте қарапайым өтті", – деді әнші.
Өнер иесінің айтуынша, ол болашақ күйеуінің айтқанын алғашында мүлде түсінбеген.
"Бір күні достарымызбен асүйде отырғанбыз. Түскі ас ішіп отырған сияқтымыз. Бәріміз қызу әңгімеге кірісіп, бірдеңені талқылап жаттық. Бір кезде Сафар:
– Тыңдашы, дүкенге барып, костюм, көйлек, сақина сатып алу керек, – деді.
Мен:
– Не үшін? Неге керек? – деп сұрадым.
Ол маған "Сен шынымен түсінбей тұрсың ба?" дегендей мағыналы көзқараспен қарады да:
– Неге? Сен тұрмысқа шықпайсың ба? – деді.
Мен оған қарап:
– Кімге? – деп сұрадым.
Сосын келесі сұрағым:
– Бұл жаңа ғана үйленуге ұсыныс жасағаның ба? – болды.
Ал оның жауабы:
– Ал не? – деген бір ауыз сөз еді", – деп еске алды Толқын Забирова.
Әнші бұл жағдайды әзілмен баяндағанымен, күйеуінің болмысын дәл осындай қарапайым әрекетінен тануға болатынын жеткізді.
"Әрине, мұнда романтика жоқ шығар. Бірақ күйеуімнің бар болмысы осы оқиғадан көрінеді. Ол сезімін әдемі сөздермен, ерекше романтикамен жеткізе алмаған болуы мүмкін. Есесіне, Алла қаласа, келесі жылы отасқанымызға 30 жыл толуын атап өтеміз", – деді өнер иесі.
Айта кетейік, Толқын Забированың жұбайы Сафар Бабаев та өнер саласында еңбек еткен. Әнші бұған дейінгі сұхбаттарында күйеуінің қазақстандық әртістермен жұмыс істеп, отандық эстраданың дамуына үлес қосқанын айтқан. Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы – 14 жас. Бұл туралы әнші "Мамский әңгіме" подкастында әңгімелеген.
Толқын Забированың ұлы да сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасаған
Қызығы, әнші өзіне жасалған қарапайым ұсынысты еске алған тұста оның үлкен ұлы Шахрияр Бабаев та жуырда жеке өмірінде маңызды шешім қабылдаған. Шахрияр 2026 жылғы 18 қазанда сүйіктісі, әлеуметтік желіде King Sara есімімен танылған блогер Сара Шакетке үйленуге ұсыныс жасаған. Сара Instagram парақшасында екеуінің суреттерін жариялап, қолындағы сақинасын көрсеткен.
Сара Шакет – Алматыдан шыққан блогер. Ол Instagram желісінде King Sara есімімен танылып, сән, сұлулық және күнделікті өміріне қатысты контент жариялап келеді. Оның Шахриярмен қарым-қатынасы жұртшылыққа бұрыннан белгілі. 2024 жылы NTK телеарнасына берген сұхбатында Сара жігітінің анасымен танысқанын да айтқан.

Ал қараша айында екі жастың қарым-қатынасы жаңа кезеңге өтті. 16 қарашада Толқын Забирова ұлы мен келінінің неке қию рәсімінен бейнежазба жариялады. Әнші жастарға бақыт тілеп, Сараны отбасына қабылдағанын жеткізді. Кейін Толқын Забирова келіні туралы да жылы пікір білдіріп, оның сыпайылығы мен қазақы тәрбиесін ерекше атап өткен.
"Менің ұлым өзінің теңін тауып, әдемі, сондай сыпайы, биязы, қазақы мінезі бар қызды үйге алып келіп жатыр", – деген әнші.