Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Ондай кісіні танымаймын": Мөлдір Мұқан Тұрсынбек Қабатов туралы айтты

Шоу-бизнес •
"Ондай кісіні танымаймын": Мөлдір Мұқан Тұрсынбек Қабатов туралы айтты
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқан Kazakhstan Fashion Week аясында бұрынғы жұбайы Тұрсынбек Қабатовқа қатысты пікір білдіріп, әншілікке келуінің себебін түсіндірді. Сондай-ақ ол кино түсіру жоспары мен қызының өнер жолындағы алғашқы қадамдары туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Мөлдір Мұқанға Тұрсынбек Қабатовтың оның ән айту қабілетіне қатысты айтқан сөзі жөнінде сұрақ қойылды. Өнер иесі бұл сауалға қысқа ғана жауап берді.

"Мен ондай кісіні танымаймын", – деді ол.

Мөлдір Мұқан өнерге келуін жеке өміріндегі жағдайлармен байланыстырудың қажеті жоқ екенін жеткізді. Ол көпшілікке белгілі сұхбатынан кейін айтылған пікірлерге де тоқталды.

"Мен ешкіммен жарысып, біреуге бірдеңе дәлелдеу мақсатында жүрген жоқпын ғой. Шыққысы келген өнер шыққан ғой. Ал сұхбат туралы, бір шықтым, бір айттым, болды. Сол сұхбатқа қойған боларсыздар енді", – деді продюсер.

Оның айтуынша, әншілік – көптен бергі жеке қалауы. Сондықтан өнердегі жетістігін біреудің бағалауымен өлшемейтінін айтты.

"Ән айту – өзімнің жан қалауым. Мен тіпті әнім хит болсын, ел мойындасын деген мақсат қойған жоқпын. Бұл – өз қалауымды жүзеге асыру, өнердегі бір арманымды орындау. Былайша айтқанда, гештальтымды жабу десем болады. Өзім де күтпедім, білмедім. Ұйқыдан тұрсам, жұлдыз екенмін. Оның үстіне ән сұхбатқа дейін шыққан. Зерттеп қарасаңыз болады", – деді ол.

Мөлдір Мұқанның шығармашылық жоспары тек музыкамен шектелмейді. Продюсер алдағы уақытта кино түсіру мүмкіндігін қарастырып жүргенін, алайда әзірге нақты жұмыс басталмағанын мәлімдеді.

"Жаңа әндер жазып жатырмыз. Негізі кино түсіргім келеді, жақсы сценарий қарастырып жүрмін. Идея бар, бірақ әлі толықтай дайын емеспін, әлі кіріскен жоқпын", – деді Мөлдір Мұқан.

Сонымен бірге өнер иесі отбасындағы шығармашылық жаңалықпен бөлісіп, екінші қызы Айымның өнерге бет бұрғанын айтты.

"Шоу-бизнес жағынан қызыма продюсермін. Айым, екінші қызым, өнерге толықтай бет бұрды. Мен қолдауға дайынмын, әншілік жағынан, актрисалық жағынан", – деп бөлісті ол.

Мөлдір Мұқан кім?

Мөлдір Мұқан – қазақстандық продюсер, әнші және шығармашылық жобаларды ұйымдастырушы. Ол өнерге бала кезінен жақын болып, бауырларымен бірге "Мұқановтар" отбасылық ансамблінде өнер көрсеткен. Өзінің айтуынша, жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған.

Кейін өнер саласына бет бұрып, балаларға арналған "ММ" өнер мектебін ашқан. Әнші әрі домбырашы Ақтоты Болышевамен продюсер ретінде жұмыс істеп, 2025 жылы "Шәй в большом городе" фильмінің продюсері болды. Сондай-ақ өзі де әншілікке ден қойып, "Өтірік", "Өмір сүр қалма елден" әндерін жарыққа шығарды. Қазір продюсерлік және музыкалық шығармашылығын қатар дамытып жүр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу