Танымал актер Олжас Нұрбай қазақтың көрнекті ақыны әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен кездесіп, ерекше әсерін бөлісті. Өнер иесі есімінің белгілі ақынның құрметіне қойылғанын айтып, бұл кездесудің өзі үшін маңызын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Олжас Нұрбай Instagram парақшасында ақынмен бірге түскен суретін жариялап, оның өміріндегі ең қымбат естеліктердің біріне айналғанын жазды.
“Менің өмірімдегі ең қымбат суреттердің бірі болды. Алып тұлға, батыр мінез, аңыз адам. Қай жерде болмасын – Олжастардың біріншіcі!” – деп жазды актер.
Өнер иесі келесі жарияланымында Олжас Сүлейменовке деген ерекше құрметінің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, ата-анасы есімін дәл осы ақынның құрметіне қойған.
“Легенда" деп осы кісілерді атайды. Әйгілі Олжас Сүлейменов! Олжастардың бірінші “Олжасы”! Атымды осы кісінің құрметіне қойған. Қуанышымда шек жоқ”, – деп бөлісті ол.
Жарияланған суреттерден актердің ақынмен жүздесіп, бірге естелік суретке түскенін көруге болады. Кадрлардың бірінде Олжас Сүлейменовтің қолында қалам ұстап отырғаны, ал актердің оның жанында кітабын ұстап тұрғаны байқалады.
Олжас Нұрбай кездесуден түсірілген видеода ақынның өзіне айтқан тілегін де жеткізді.
“Мен айтам ғой, “Меня назвали в честь вас” деп. Сөйтсем, “Подними наше имя на новый уровень”, – деді ғой. “Порхай”, – деді. Ондай кісілерден бұндай сөздерді есту ерекше әсер”, – деді Олжас Нұрбай.
Айта кетейік, Олжас Сүлейменов – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, жазушы, әдебиеттанушы және қоғам қайраткері. Ол “Арғымақтар”, “Адамға табын, Жер, енді”, “Аз и Я” сияқты еңбектерімен танылған. Сондай-ақ “Невада-Семей” антиядролық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі ретінде белгілі.