Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Бір топтан шыққан әншілер қазір қайда?

Шоу-бизнес •
Бір топтан шыққан әншілер қазір қайда?
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Бір кезде "КешYOU" құрамында ән айтқан Айдана Меденова үш жылдық үзілістен кейін сахнаға оралды, ал Кәмшат Жолдыбаева «Ақ жеңге» телехикаясында Жібекті сомдады. "Ayumi"-дің бұрынғы солисі Ақназ Нұрланқызы жаңа топтың әндерін әзірлеп жүр. "Дауыс International" арқылы танылған Рано Умарова да қарашада жаңа ән шығарды. Үш қыздар тобының бұрынғы 11 мүшесі өнер жолын қалай жалғастырғанына шолу жасадық, деп хабарлайды Malim.kz.

"КешYOU". Халықаралық байқаудан кино мен телехикаяға дейін

2026 жылы "КешYOU"-дың құрылғанына 20 жыл толды. Құрамы бірнеше рет ауысқан топтың алғашқы әншілерінің бірі Мөлдір Әуелбекова болса, кейін сахнаға Кәмшат Жолдыбаева, Жанар Дұғалова мен Айдана Меденова шықты. Одан кейінгі құрамда Ақбота-Нұр Сейітмағамбет пен Балжан Бидаш өнер көрсетті.

Мөлдір Әуелбекова жеке әндерін шығарып жүр

Топтың алғашқы құрамында ән айтқан Мөлдір Әуелбекова жеке шығармашылығын жалғастырды. 2026 жылы өзінің YouTube арнасында "Балапаным" әнін және "Lambada" бейнеролигін жариялады. Сәуірде әнші "КешYOU"-дың мерейтойлық концертіне қатыспайтынын мәлімдеді.

Жанар Дұғалова өзі жазған әнмен халықаралық байқауда жеңді

Жанар Дұғалова 2012–2014 жылдары "КешYOU" құрамында өнер көрсетті. Топтан кеткен жылы Қазақстан атынан Қазан қаласында өткен "Turkvizyon" байқауына қатысып, өзі жазған "Ізін көрем" әнімен бірінші орын алды. Қазақ радиосының қорында оның "Іңкәр жүрек" пен "Уайымдама" әндері де бар.

Айдана Меденова үш жылдық үзілістен кейін оралды

Айдана Меденова топқа 2012 жылы қосылып, Жанар Дұғалова және Кәмшат Жолдыбаевамен бірге ән айтты. 2015 жылы топтан кетіп, жеке шығармашылығын жалғастырды. Кейін сахнадан үш жылға жуық қол үзген әнші 2026 жылы қайта оралды. Ақпанда "Өйткені өмір" әнін, сәуірде "Мама, байыпкетем" әнінің мәтіні жазылған бейнероликті жариялады.

Кәмшат Жолдыбаева "Ақ жеңге" телехикаясында Жібекті ойнады

Кәмшат Жолдыбаеваның жеке ән айтуға көшетіні 2015 жылы белгілі болды. 2026 жылы ол "Хабар" арнасының "Ақ жеңге" телехикаясында Жібек есімді келіннің рөлін сомдады. Оқиға желісінде Жібек енесінің жылдық асына келгенде атасының жабырқап жүргенін байқап, ауылда қалуға шешім қабылдайды. Кәмшат сол жылы көктемде жаңа ән дайындап жүргенін де айтқан.

Ақбота-Нұр Сейітмағамбет ән мен киноны қатар алып жүр

Ақбота-Нұр Сейітмағамбет 2015 жылы топқа қабылданды. Келесі жылы Асқар Ұзабаевтың "Гламур для дур" фильміне түсіп, кинодағы алғашқы рөлін сомдады. Кейін "Өрмек" телехикаясына қатысты. 2026 жылдың басында "1001 түн" бағдарламасында кино жобалары туралы айтып берсе, маусымда жаңа әнін таныстырды.

Балжан Бидаш топтың мерейтойына қатысты

Балжан Бидаш "КешYOU"-да Ақбота-Нұр Сейітмағамбет пен Жұлдыз Өмірғалимен бірге өнер көрсетті. 2026 жылғы 19 қыркүйекте ол Астанадағы "Барыс Аренада" өткен топтың 20 жылдық концертіне қатысты. Әнші мерейтой кешінен фото мен видео жариялап, продюсер Баян Алагөзоваға алғыс айтты.

"Ayumi". Бұрынғы солистер қайта қосыла ма?

2011 жылы құрылған "Ayumi" тобының құрамы бірнеше рет өзгерді. 2017 жылы Айдана Шәріпханова топтан кеткеннен кейін Ақназ бен Әсел біраз уақыт дуэт болып өнер көрсетті. Кейін оларға Сандуғаш пен Назым қосылды. Сол жылы продюсер Алуа Қонарова топтың тарайтынын хабарлады.

Айдана Мәлік бұрынғы құрамның қайта қосылуы туралы айтты

Көпшілікке Айдана Шәріпханова есімімен таныс әнші 2017 жылы тұрмысқа шыққаннан кейін топтан кетті. 2021 жылы НТК-ға берген сұхбатында ол жанкүйерлердің бұрынғы құрамды қайта көргісі келетінін айтқан. Алайда өзі мен Әселдің отбасы барын, ал Ақназдың өз тобымен айналысып жүргенін айтып, "Ayumi"-дің қайта қосылуы екіталай деген пікір білдірді.

Ақназ Нұрланқызы жаңа қыздар тобымен жұмыс істеп жүр

Ақназ Нұрланқызы "Ayumi"-ден кейін музыка саласында қалды. 2026 жылы UMAY тобының мүшелері 98mag басылымына берген сұхбатында Ақназды өздерінің саунд-продюсері деп таныстырды. Ол жаңа ұжымның әндерінің дыбысталуын қалыптастыруға атсалысады.

"Дауыс International". Бірі кино түсірді, бірі жаңа әнімен оралды

2000 жылдардың басында танылған "Дауыс International" халық әні "Қарлығашты" жаңаша орындап, тыңдарманның есінде қалды. Топтың әр жылдардағы құрамында Әсел Сәдуақасова, Рано Умарова, Айша Байбосынова және Жадыра Құтпанова өнер көрсетті.

Әсел Сәдуақасова өзі ұсынған фильмде басты рөлді ойнады

Әсел Сәдуақасова "Сталинге сыйлық" фильмінде қазақ қызын, "Ғашық жүректе" Әселді, "Жаным 2" телехикаясында Айсұлуды сомдады. Кейін кино өндірісіне араласып, режиссер Асқар Ұзабаевқа келін мен ене туралы комедия түсіруді ұсынды. Осы идеядан "Келинка тоже человек" фильмі шықты. Әсел фильмге продюсер болып, басты рөлді де ойнады. 2026 жылғы ақпанда ол "Дауыс International" тобының іріктеуінен өткеніне 24 жыл толғанын атап өтті.

Рано Умарова қарашада жаңа ән шығарды

"Дауыс International"-дың бұрынғы солисі Рано Умарова үзілістен кейін жеке шығармашылығына қайта оралды. 2026 жылғы қарашада оның "Абайла" атты жаңа әні музыкалық платформаларға шықты. Осылайша, топты "Қарлығаш" арқылы таныған тыңдарман әншінің жаңа туындысын да тыңдай алды.

Айша Байбосынова топтан кейін жеке бейнебаян түсірді

Айша Байбосынованың жеке өнер жолы "Дауыс International"-ға дейін басталған. Ол "Жас қанат" байқауына және "Азия дауысы" фестиваліне қатысқан. Кейін "Дауыс International" құрамында жеті жылдай ән айтып, топтан соң жеке шығармашылығын жалғастырды. 2014 жылы "Сен кінәлі емессің" әніне түсірілген бейнебаянын ұсынды. Ол әншінің жеке қоржынындағы екінші бейнебаян еді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу