Ыстанбұлда есірткіге қатысты тергеу аясында "Ғаламат ғасыр" телехикаясында Шах Сұлтанды сомдаған Дениз Чакыр мен Хуриджихан Сұлтанды ойнаған Буржу Өзберк ұсталды. Алғашқы хабарда 23 адамның ұсталғаны айтылса, кейін олардың саны 24-ке жетті. Екі актриса да Ыстанбұлдағы сот ғимаратына жеткізілді, деп Malim.kz тілшісі, Түркияның Anadolu және Demirören (DHA) агенттіктеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Ыстанбұлда не болды?
Ыстанбұлдың Бас прокуратурасы 35 адамды ұстау туралы шешім шығарған. Прокуратураның мәліметінше, бұл шешім есірткі қолданды немесе қолында есірткі ұстады деген күдікке байланысты қабылданған. Тергеушілер күдіктілер мен куәгерлердің, соның ішінде жасырын куәгерлердің жауаптарын, сондай-ақ алынған ұялы телефондар мен өзге де цифрлық материалдарға жасалған сараптама қорытындыларын қараған.
Жалпы тергеу есірткі мен психобелсенді заттарды сату және басқа адамдарға беру, сондай-ақ жезөкшелікке қатысты деректерді де қамтиды. Прокуратураның жария мәлімдемесінде әр актрисаға қатысты күдіктің мән-жайы жеке көрсетілмеген. Ұсталғандардың арасында әнші әрі актер Өзжан Дениз де бар.
Екі актрисаға қатысты соңғы мәлімет қандай?
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, ұсталған 24 адам Түркияның Сот медицинасы институтында есірткіге тест тапсырған. Кейін олар медициналық тексеруден өтіп, Ыстанбұлдың Чағлаян ауданындағы сот ғимаратына жеткізілген. DHA агенттігі Дениз Чакыр мен Буржу Өзберктің прокуратурада жауап алынатын 10 адамның арасында екенін хабарлады. Қалған 14 адам қосымша жауап алу үшін полицияға қайта жеткізілген.
25 қарашадағы мәлімет бойынша, екі актрисаның тест нәтижесі жарияланған жоқ. Оларды қамауға алу немесе босату туралы шешім жөнінде де расталған ақпарат әзірге жоқ.
Дениз Чакыр кім?

Дениз Чакыр Анкарада дүниеге келген. Ол 2004 жылы Хажеттепе университетінің Анкара мемлекеттік консерваториясындағы театр бөлімін тәмамдаған. Сол жылы Ыстанбұлға көшіп, "Kadın İsterse" телехикаясында Алевті сомдады. Оны қалың көрерменге танытқан рөл – Решат Нури Гүнтекиннің романы желісімен түсірілген "Yaprak Dökümü" сериалындағы Текин әулетінің келіні Ферхунде.
2013 жылы Чакыр "Ғаламат ғасырдың" құрамына қосылып, Сүлеймен сұлтанның қарындасы Шах Сұлтанды ойнады. Оған дейін "İffet" телехикаясында басты рөлді сомдаған. Кейін "Eşkıya Dünyaya Hükümdar Olmaz" сериалында Мерьем, "Masumiyet" драмасында Бахар, ал 2025 жылы көрерменге жол тартқан "Çarpıntı" сериалында Хюлья Гүнеш рөлінде көрінді. Актриса кино мен телехикаяға түсумен қатар театрда ойнап, дыбыстау саласында да еңбек еткен.
Буржу Өзберк кім?

Буржу Өзберк Түркияның Ескішехир қаласында туған. Ол да Хажеттепе университетінің Анкара мемлекеттік консерваториясында театр мамандығын оқыған. Студент кезінде актер Ердал Бешикчиоғлұ құрған Tatbikat Sahnesi театрының іріктеуінен өтіп, сонда сахнаға шыққан. Телевизиядағы алғашқы рөлін "Ғаламат ғасырда" ойнады. Хикая желісінде оның кейіпкері Хуриджихан Сұлтан – Хатиже Сұлтан мен Ибраһим пашаның қызы.
Кейін Өзберк "Güneşin Kızları" телехикаясында Назлы Йылмазды сомдап, кеңінен танылды. Ханде Эрчел сол сериалда оның егіз сыңары Селинді ойнады. 2019 жылы Өзберк "Afili Aşk" романтикалық комедиясында Айше рөлін алып, осы еңбегі үшін 2020 жылы "Алтын көбелек" сыйлығының романтикалық комедиядағы үздік актриса аталымында жеңіске жетті. Сондай-ақ ол "Aşk Mantık İntikam" сериалында Эсраны, ал "Anne Yarısı" драмасында Егені өз баласындай өсірген Зейнепті сомдады.