Қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызы режиссер Ақан Сатаевтың "Күлпәш" фильміне көрерменнің аз жиналуы туралы пікір білдірді. Ол отандық кино нарығында комедияларға сұраныс жоғары екенін айтып, тарихи және драмалық туындыларға деген көзқарастың өзгеретініне сенім білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Баян Мақсатқызы Instagram парақшасындағы сторисінде Атырау қаласындағы кинотеатрлардың бірінде Ақан Сатаевтың өз фильміне келген аз ғана көрерменмен кездескені туралы бейнежазбаға пікір білдірді. Продюсер осы жағдайға байланысты қазақстандық аудиторияның кино таңдауына тоқталып, өзінің шығармашылық тәжірибесін де еске алды.
"Үш жыл бұрын біздің команда ашаршылық туралы фильм түсірді. Мен оны прокатқа шығаруды тіпті ойлаған жоқпын. Ал Ақан батылырақ болып шықты, осындай туындымен көрермен алдына оралды. Менің ойымша, біздің аудиторияның жетілуі үшін әлі біраз уақыт қажет", – деп жазды ол.
Продюсер қазіргі қазақстандық кино нарығында комедиялық фильмдердің басымдыққа ие екенін айтып, көрермен талғамының біртіндеп қалыптасатынына назар аударды.

"Жүздеген қазақстандық фильмнің басым бөлігі комедия болғандықтан, аудитория да комедияны таңдайды. Бұл түсінікті. Біз әлі өте жаспыз, көрерменде таңдау, бағалау, талдау және саралау мәдениеті толық қалыптасып үлгерген жоқ", – деді Баян Мақсатқызы.
Сонымен қатар ол көрерменнің кинотеатрға көбіне көңіл көтеру үшін баратынын айтып, кәсіби режиссерлердің еңбегі бұл үрдісті өзгерте алады деген ойын жеткізді.
"Әр кадрынан шынайылық, ұлттық қасірет пен трагедия сезілетін нағыз кино түсірілгенде, көрермен күліп, көңіл көтеруді таңдайды. Әзірге көрермен әсер алу үшін ақша төлейді: келді, күлді, ұмытты. Бірақ мен көрермен талғамын біртіндеп өзгертіп жүрген нағыз кәсіби мамандарға сенемін. Бүгін он көрермен болса, ертең жүз болады", – деді продюсер.
Жазбасының соңында Баян Мақсатқызы Ақан Сатаевқа қолдау білдіріп, оның шығармашылық ұстанымына жоғары баға берді.
"Ақан, қымбатты досым, осындай кино түсіруге деген батылдығың, өнерге деген сүйіспеншілігің және жақын арада біз сен түсіріп жүрген киноның деңгейіне жетеміз деген сенімің үшін алғыс айтамын!" – деп жазды ол.
"Күлпәш" фильмі не туралы?

Ақан Сатаевтың "Күлпәш" тарихи драмасы 19 қарашада Қазақстан кинотеатрларында прокатқа шықты. Фильм қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің "Күлпәш" шығармасының желісімен түсірілген.
Туындыда ашаршылық кезеңіндегі отбасының ауыр тағдыры, ананың күйеуі мен баласын аман алып қалу жолындағы күресі баяндалады. Басты рөлдерді Гүлмира Хасанова, Еркебұлан Дайыров және Бәйкенже Белбаев сомдаған.
Режиссер Ақан Сатаев фильм көрсетіліп жатқан кинотеатрларға өзі барып, көрермендермен кездесіп, қолдау білдірген жандарға алғыс айтып жүр. Әлеуметтік желіде оның Атыраудағы кинотеатрға барғаны туралы да ақпарат тарады. Жарияланған кадрларда залда адам аз болғаны байқалады. Дегенмен жекелеген көрсетілімдегі көрермен саны фильмнің жалпы прокаттағы нәтижесін толық сипаттамайды. Әзірге туындының бүкіл Қазақстан бойынша билет сатылымы жөніндегі қорытынды деректер жарияланған жоқ.