Театр және кино актрисасы Мадина Оспан бала тәрбиесі мен шығармашылықты қатар алып жүрудің қиындықтары туралы айтты. Өнер иесі НТК телеарнасындағы “Не дейді?” ток-шоуында ана атанғаннан кейінгі өмірі, жақындарының қолдауы және өзіне айтылатын сын туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдарлама барысында Мадина Оспан “Декрет” фильмінің түсірілуіне не себеп болғанын түсіндірді. Актрисаның айтуынша, туындыда бала күтімімен үйде отырған аналардың көпшілікке көріне бермейтін күйзелісі мен ішкі сезімін көрсетуге мән берілген.
“Декретті бала туып, үйде әбден отырған қыздар ғана түсінеді. Ана болған қыздар ғана түсінеді. Ал ер адамдарға, басы бос қыздарға ол таныс емес қой. Үйде отыру, бала қарау деген. Сондықтан да сол қыздардың ішкі жанайқайын кино арқылы көрсетейік деген ниетпен “Декрет” деген кино түсірдік”, – деді актриса.
Мадина Оспан түсірілім кезінде балаларын анасына қалдыратынын айтты. Оның сөзінше, үлкен ұлы бұған үйренген. Дегенмен актриса жұмысын жалғастыру туралы шешімін тек жеке қызығушылығымен байланыстырмайды.
“Балаларымды үйде өзімнің анама қалдырамын. Балаларды қалдыру керек кезде көмектесіп тұрады. Үлкен ұлым үйреніп қалды. Бірақ енді бір жағынан өзім үшін болғанымен, екінші жағынан, балаларым үшін деп ойлаймын менің тоқтамай еңбек етуім. Өзіме жұмыс жасауым. Менің балаларыма да бақытты, сұлу, өзін-өзі аяққа тұрғызған ана керек”, – деді ол.
Актриса ана болғаннан кейін де мамандығы бойынша еңбек етуді таңдағаны үшін айналасындағылардан түрлі ескерту еститінін жасырмады.
“Бәрі айтады: "Не болды соншама? Балаларың өскенше үйде отырмайсың ба? Өліп бара жатырсың ба киноға түскің келіп?" деп. Ол жақта киноны жақсы көріп, өліп бара жатқандықтан емес. Мәселенің көп тұсы бар. Сондықтан киноға түсетінім жалғыз қара басымды ойлағанымнан емес, болашақты ойлағанымнан”, – деп түсіндірді Мадина Оспан.
Сұхбат барысында өнер иесі бала тәрбиесіне қатысты анасымен келіспей қалған кездерін де еске алды. Оның айтуынша, анасы бастапқыда немерелеріне қатысты қызының сақтығын түсіне бермеген.
“Менің анам алғаш балаларымды қалай қарайтынымды көрген кезде кәдімгідей жағасын ұстады. "Бұл әлемде сенде ғана бала бар ма? Не мынау? Кішкене босатсаңшы өзіңді", – деген. Менің балаларымды мен сияқты ешкім білмейді. Сіз білмейсіз. Қазіргі балалар басқаша, бөлек. Олардың аллергиялары бар”, – деді актриса.
Мадина Оспан балаларының денсаулығына байланысты кейбір тағамдарға шектеу қоюға мәжбүр екенін жеткізді. Алайда анасы алғашында мұндай сақтықты артық санаған.
“Мен де балама үнемі "Жоқ, анаған аллергиясы бар, мынадай болмайды" деп отырғым келмейді. Мен де шаршаймын. Бірақ сондай ерекшеліктері болады екен. Сөйтіп, анам екеуміз басында кішкене келіспедік. Анам маған "Біз ішіп жүрген тамақты бер" деп ұрысатын. Көнген кездерім де болды. "Мақұл, жарайды, берейік" дедім. Бірақ баламның ағзасы оны қабылдамайтынын көрсетті. Содан кейін анамның да көзі жетті. Қазіргі балалар шынымен басқаша екен деді”, – деп еске алды ол.
Мадина Оспан кім?

Мадина Оспан – қазақстандық театр және кино актрисасы. Ол 1996 жылы 3 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. Өнер иесі көпшілікке "Q-елі", "Ұлы дала жанұясы" телехикаялары және "Ұлы дала комедиясы" фильмі арқылы танылған.
Мадина Оспанның фильмографиясында "Сабина келін 3" (2020), "Маған назар аудар" (2023), "Солай болып қалды" (2024), "Ұялам, но үй алам" (2024), "Остров. Ұмытылмас саяхат" (2025), "Жеті гүл" (2025) және "Қайын ата – Күйеу бала" (2025) фильмдері бар.