Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"28 қарашадан бастап тыйым салынады": Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады

Қоғам •
"28 қарашадан бастап тыйым салынады": Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады
Бас прокуратура кеңсесі. Фото: gov.kz

Қазақстан Бас прокуратурасы 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында азаматтарға үндеу жасады. Ведомство сайлау күндері бірқатар әрекетке тыйым салынатынын және заң талаптарын бұзғандарға айыппұл қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, 27 қарашадағы жағдай бойынша елде сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегі анықталған. Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған уақытта үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты.

Заңбұзушылықтарға жол берген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, сайлауалды үгіт 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. Осылайша, 28 қарашада және дауыс беру өтетін 29 қарашада сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынады. Алайда бұған дейін ілінген үгіт плакаттары сайлау комиссияларының ғимараттары мен дауыс беру орындарынан тыс жерлерде бұрынғы орындарында қала алады.

Интернетте бұрын жарияланған үгіт материалдарын да өшіру міндетті емес. Бірақ оларды сайттардың басты бетіне қайта шығаруға рұқсат етілмейді.

Бас прокуратура сайлау бюллетеніне қатысты да маңызды талапты еске салды. Заң бойынша толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге, сондай-ақ оны дауыс беру күні таратуға болмайды. Сонымен қатар 28 және 29 қарашада сайлауалды үгіт жүргізгендерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салынады.

Айыппұл мөлшері:

  • Жеке тұлғаларға – 15 АЕК;
  • Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК;
  • Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК;
  • Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК.

Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін жариялауға болмайтынын мәлімдеді. Бұл шектеу сайлау нәтижесіне қатысты болжамдарға, кандидаттар мен саяси партияларды қолдау жөніндегі зерттеулерге де қатысты. Сондай-ақ дауыс беру күні сайлау учаскесінің ішінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Бас прокуратура сайлау кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат және заңға қайшы контент таратпау қажеттігін ескертті. Мұндай әрекеттердің сипатына байланысты әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін. Бұдан бөлек, ведомство бейбіт жиналыстарды, митингілерді, пикеттер мен шерулерді ұйымдастыру кезінде заңда белгіленген тәртіпті сақтау қажеттігін атап өтті. Бас прокуратура сайлау процесінің барлық қатысушысын заң талаптарын сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу