Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Тұрсынбек Қабатовтың қызы туған күнін ерекше атап өтті

Шоу-бизнес •
Тұрсынбек Қабатовтың қызы туған күнін ерекше атап өтті
Фото-коллаж: malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы, продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқан қызы Айымның туған күнін қалай атап өткенін көрсетті, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында отбасылық қуанышынан бейнежазба жариялады. Ол қызының туған күнін түнгі сағат 00:00-де Астанадағы мейрамханалардың бірінде қарсы алғанын жеткізді. Сондай-ақ Айымды тосынсыймен құттықтауға достары да келген.

"Қызымыздың туған күнінің алғашқы минуттарын, яғни түнгі сағат 00:00-ді дәл осы ерекше мейрамханада қарсы алуды жөн көрдік. Қызымызды тосын сыймен құттықтауға келген достарын да ерекше қонақжайлықпен қарсы алып, қуантқымыз келді", – деп жазды Мөлдір Мұқан.

Продюсер қазақы нақышпен безендірілген мейрамхананың ас мәзірі мен қонақжайлығына көңілі толғанын айтып, ұжымға алғысын білдірді.

"Ерекше күніміздің естен кетпес әдемі естелікке айналғанына қуаныштымыз!" – деді өнер иесі.

Жарияланымға пікір қалдырғандардың қатарында танымал дизайнер Аида Кауменова да бар. Ол Айымды туған күнімен құттықтап, ақ тілегін арнады.

Мөлдір Мұқан мен Тұрсынбек Қабатовтың ортақ бес баласы бар. Олар үш қыз бен екі ұл тәрбиелеп өсірген. Қыздарының есімдері – Әдемі, Айым және Айару. Ерлі-зайыпты 2025 жылы ажырасқандарын жариялаған.

Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Мұқан бұрынғы жұбайы Тұрсынбек Қабатов туралы пікір білдіріп, қызы Айымның өнер жолына түскенін айтқан еді⁠. Продюсер қызының әншілік және актерлік қабілетін шыңдауға қолдау көрсететінін жеткізген.

Мөлдір Мұқан кім?

Мөлдір Мұқан (Мұқанова) – қазақстандық продюсер, әнші, актриса, кәсіпкер әрі бес баланың анасы. Көпшілікке алғашында әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы ретінде танылғанымен, кейін өнер мен кәсіпкерлік саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра бастады.

Ол өнерлі отбасында тәрбиеленген. Анасы өнер адамы болған. Мөлдір 13 жасында анасынан айырылған. Бала кезінен ән айтып, би билеп, түрлі музыкалық үйірмелерге қатысқан. Бауырларымен бірге "Мұқановтар" отбасылық ансамблін құрып, ауылдағы мәдени шараларда өнер көрсеткен.

Мөлдір баян, домбыра және фортепиано аспаптарында ойнайды. Сондай-ақ укулеледе ойнауды өз бетінше үйренген.

Өнерге жақын болғанына қарамастан, әкесінің жолын қуып, экономист мамандығын таңдаған. Жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған. Студент кезінде халық аспаптары ансамблін басқарған.

Еңбек жолын 21 жасында мемлекеттік қызметтен бастаған. 2017 жылы берген сұхбатында Ұлттық банкте тоғыз жыл бойы бас экономист болып еңбек еткенін айтқан.

Тұрсынбек Қабатовпен Астанада өнер жолында танысқан. Ол кезде Мөлдір домбыра тартса, Тұрсынбек көңілді тапқырлар клубының ойындарына қатысқан. Біраз уақыт кездесіп жүрген жастар кейін шаңырақ көтерген.

Төртінші баласы дүниеге келгеннен кейін Мөлдір мемлекеттік қызметтен кетіп, кәсіпкерлікке бет бұрған. Балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған «ММ» өнер мектебін ашқан. Орталықтың құрылысынан бастап оқу бағдарламасына дейінгі жұмыстарды өзі қадағалаған.

Кейін музыкалық продюсерлікпен айналысып, әнші әрі домбырашы Ақтоты Болышеваның шығармашылығын дамытуға атсалысқан. Сондай-ақ отбасылық телехикаялар түсіруді қолға алып, актерлік өнерде де бағын сынаған.

2025 жылы «Шәй в большом городе» фильмінің продюсері болды. Сонымен қатар әншілікке ден қойып, "Өтірік", "Өмір сүр қалма елден" атты әндерін тыңдарман назарына ұсынды.

Мөлдір Мұқан әншілікті бала күнгі армандарының бірі деп біледі. Ол өнерге біреумен бәсекелесу немесе әлдекімге өзін дәлелдеу үшін келмегенін бірнеше рет айтқан.

Бүгінде Мөлдір Мұқан жеке шығармашылығымен қатар, қызы Айымның өнердегі алғашқы қадамдарына қолдау көрсетіп, оның продюсері ретінде де еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта жаңа әндер шығарып, кино түсіруді жоспарлап отыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу