Қазақ эстрадасында той мен концерттен түсетін табыспен ғана шектелмей, кәсіпкерлікке бет бұрған өнер иелері аз емес. Бірі қоғамдық тамақтану саласында бағын сынаса, енді бірі киім өндірісін қолға алып, жеке брендін қалыптастырған. Malim.kz тілшісі өнер мен кәсіпті қатар алып жүрген әншілерді тізіп шықты.
Мөлдір Әуелбекова – киім өндірісі

Әнші Мөлдір Әуелбекова сахнадан бөлек, киім өндірісімен айналысады. Ол орамал тағатын қыз-келіншектерге арналған көйлектер мен орамалдар сататын "Бейне" брендінің негізін қалаған.
Өнер иесі кәсіп бастау үшін тіпті жеке көлігін сатуға мәжбүр болған. Әншінің айтуынша, көлігінен түскен қаражатты түгелдей кәсібіне жұмсап, екі жыл бойы көліксіз жүрген.
2026 жылдың қыркүйегінде Мөлдір Әуелбекова шағын дүкеннен басталған кәсібінің тігін фабрикасына айналғанын мәлімдеді. Астана мен Алматы қалаларында оның дүкендері бар.
Әбдіжаппар Әлқожа – дәмхана

Танымал әнші Әбдіжаппар Әлқожа да кәсіпкерлердің қатарына қосылды. 2026 жылдың қарашасында өнер иесі Алматы қаласында дәмхана ашты.
Әнші бұл кәсіпті жалғыз қолға алмаған. Ол блогер Ырысбала Икрамбайдың жұбайы Нұрдәулетпен және Роман есімді досымен бірлесіп бастаған.
Өнер иесінің айтуынша, серіктестерімен ақылдасып, ұзақ ойлана келе қоғамдық тамақтану саласында бақ сынауға шешім қабылдаған.
Қайрат Нұртас – мейрамхана

Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртас та кәсіпкерлікке ертерек қадам басқан әншілердің бірі.
Өнер иесі әр жылдары дыбыс жазу студиясы, мейрамхана секілді кәсіптерді қолға алып, өз есімімен иіссу шығарған.
2025 жылдың 7 тамызында әнші Шымкент қаласында "KN Vista Bar" атты жаңа мейрамхана ашты. Қуанышты жаңалықты анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желіде сүйіншілеген.
Ерке Есмахан – әшекей бұйымдар

Әнші Ерке Есмахан әшекей бұйымдар саудасында бағын сынаған. Өнер иесі өз есімімен ұзын алқа шығарып, оны сатылымға ұсынған.
Әнші бұған дейін әшекей жасаудағы мақсаты тек ақша табу емес екенін, бұл істі өнердің бір түрі деп қабылдайтынын айтқан.
2025 жылдың тамызында Ерке Есмахан кәсібін қайта қолға алып, алқаның жетілдірілген нұсқасын шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жазира Байырбекова – сұлулық салоны мен киім дүкені

Қыз ұзату тойларында сұранысқа ие әншілердің бірі Жазира Байырбекова тойдан тапқан қаражатын кәсіпке жұмсаған.
2017 жылы берген сұхбатында өнер иесі үш-төрт жыл бойы қыз ұзатып, жинаған ақшасына көйлек пен сұлулық салондарын ашқанын айтқан.
Ал 2021 жылы әнші екінші сұлулық салоны мен екінші киім дүкенін ашып жатқанын көпшілікке хабарлады. Осылайша өнерден тапқан табысын кәсіпке бағыттаған.
Дана Маханбаева мен Әділ Сламхан – нан өнімдері

Өнерлі жұп Дана Маханбаева мен Әділ Сламхан да отбасылық кәсіпті қолға алды. 2026 жылдың қарашасында олар Алматы қаласында "Таба нан" атты нан өнімдерін өндіретін сауда орнын ашуға кірісті.
Дана Маханбаеваның айтуынша, жаңа кәсіпті бастауға жұбайы қолдау көрсеткен. Олар бұл істің қамына бірнеше ай бұрын кіріскен.
25 қарашадағы мәлімет бойынша, сауда орны әлі толық ашылып үлгермегенімен, өнер иелерін жақындары мен әріптестері құттықтап барған.
Кей өнерпаздар сахнадан тапқан қаражатын өндіріске құйса, енді бірі танымал есімін жеке брендке айналдыруды жөн көрген. Дегенмен әншілердің аталған кәсіптерінен нақты қанша пайда табатыны туралы ашық мәлімет жоқ.