Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Тәж-Махалды маймылдар басып алды: екі турист ауруханаға түсті

Әлем •
Тәж-Махалды маймылдар басып алды: екі турист ауруханаға түсті
Фото: NDTV

Үндістандағы Тәж-Махал кешенінде маймылдардың көбеюі келушілерге қиындық туғызып отыр. Жуырда бас кесене маңындағы көгалға жүзден астам маймыл жиналған. Бұған дейін жануарлар екі туристі тістеп, олар ауруханаға жеткізілген, деп Malim.kz тілшісі NDTV басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жүзден аса маймыл көгалға жиналған

Маймылдар тарихи кешеннің бірнеше бөлігінде еркін жүр. Оларды Шығыс, Батыс және Корольдік қақпалар маңынан, сондай-ақ бас кесенеге жақын аумақтан жиі кездестіруге болады.

Әсіресе көгалға жүзден астам маймылдың бір мезетте жиналуы көпшіліктің назарын аударған. Сол сәт түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, қолданушылар көріністі "Маймылдар планетасы" фильміндегі оқиғаларға ұқсатқан.

Алайда туристер үшін бұл тек қызық көрініс емес. Жануарлардың адамдарға жақындап, шабуыл жасауы қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық туғызып отыр.

Екі туристі маймыл тістеп алған

Қыркүйекте Тәж-Махалға келген екі саяхатшы маймылдардың шабуылынан зардап шеккен. Жануарлар тістеп алған екі адам да ауруханаға жеткізілген.

Олардың бірі – Бразилиядан келген 83 жастағы турист, екіншісі – Үндістанның Батыс Бенгалия штатының тұрғыны.

Кешенде бұған дейін де жергілікті және шетелдік қонақтарды маймыл тістеген жағдайлар тіркелген. Сондықтан мәселе жануарлардың ескерткіш аумағында көп жүруімен ғана шектелмейді. Олардың келушілерге агрессия танытуы да алаңдатып отыр.

Қабылданған шаралар нәтиже бермеген

Маймылдар Тәж-Махалдың ішінде ғана емес, оған іргелес аумақта да көптеп мекендейді. Оларды ұстап, кешеннен шығару әрекеттері бірнеше рет жасалғанымен, мәселе түбегейлі шешілмеген.

NDTV мәліметінше, бұған тарихи нысанды күтіп ұстауға және оның қауіпсіздігіне жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмыс істемеуі де себеп болып отыр. Соның салдарынан қолға алынған шаралар жеткілікті нәтиже бермеген.

Әзірге жануарлар кешеннің қақпалары мен көгалдарында еркін жүр. Ал маймылдардың туристерге шабуыл жасаған оқиғалары тарихи орынға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қайта көтерді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу