Танымал әнші әрі актриса Ақбота-Нұр Сейітмағамбет жүрегін жаулаған жанға тағы да романтикалық жазба арнады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі Индонезияның Бали аралында түскен бейнежазбасын жариялап, сүйіктісінің жанында өзін бақытты сезінетінін жеткізді. Сондай-ақ болашағын сол адаммен бірге елестететінін жасырмады.
Сенің жаныңда әйел болып еркелеудің, шын ғашық болудың, сүйікті болудың қандай бақыт екенін сезіндім. Сенің құшағың – менің тыныштығым, жанарың – менің әлсіз тұсым.
Сенімен өткізген әрбір сәтім қымбат. Саған деген сағынышым да, құштарлығым да, махаббатым да ерекше.
Мен сені бүгінімнен ғана емес, болашағымнан да көргім келеді. Өмірдің ең әдемі сәттерін бірге өткізіп, жылдар өтсе де бір-бірімізге ғашық болып қалсақ деймін.
Менің жүрегімнің таңдауы – сен, JM.
Әнші бұл жолы да сүйіктісінің есімін атамай, жазбасының соңына "JM" әріптерін қалдырды.
Еске салайық, 19 қарашада Ақбота-Нұр жүзі көрінбейтін ер адаммен бірге түскен суретін жариялап, "Махаббат JM" деп жазған болатын.
Бұған дейін Ақбота-Нұрдың жұмбақ жігітке сезімін білдіріп, желі қолданушыларын қызықтырған жазбасы туралы жазған едік. Сол кезде оқырмандардың бір бөлігі "JM" әріптерін әнші Мирас Жүгінісовтің аты-жөнімен байланыстырып, түрлі болжам айтқан еді. Алайда әзірге бұл ақпарат расталған жоқ.
Ақбота-Нұр Сейітмағамбет кім?

Ақбота-Нұр Сейітмағамбет – қазақстандық әнші, кино актрисасы және тележүргізуші. 1996 жылы 22 қазанда Кентау қаласында дүниеге келген.
Бала кезінен өнерге бейім болған. Сейдулла Бәйтереков атындағы музыка мектебінде білім алып, скрипкада ойнауды үйренген. Кейін Петр Чайковский атындағы музыкалық колледжді тәмамдаған. 2012 жылы "Кентау аруы" атанған.
2015 жылы Баян Мақсатқызының "КешYOU" тобына қабылданып, қалың көпшілікке таныла бастады. Кейін топтан кетіп, жеке шығармашылығына ден қойды.
2016 жылы режиссер Асқар Ұзабаевтың "Гламур для дур" комедиясында басты кейіпкерлердің бірі Ұлжанның рөлін сомдап, кино әлеміне қадам басты. Бұдан бөлек, "Тақиясыз періште", "Қалай да той жасау", "Өрмек", "Мыстан" сынды фильмдер мен телехикаяларға түсті.

Ақбота-Нұр алғашқы фильмінің түсірілімінде актер Дәурен Айдарқұловпен танысқан. Екеуінің ортақ ұлы мен қызы бар. Жұлдызды жұп 2020 жылы ажырасқан. Соған қарамастан, актриса бұрынғы қайын жұртымен жақсы қарым-қатынаста екенін бірнеше рет айтқан.
2024 жылы өнер иесі аты-жөнін ресми түрде өзгерткенін жариялады. Жаңа жеке куәлігінде есімі Даирбек Ақбота-Нұр деп жазылған.
Қазір әншілік пен актерлік өнерді қатар алып жүрген Ақбота-Нұр жеке шығармашылығын да жалғастырып келеді. 2023 жылы "Жылайды", ал 2026 жылы "Тірегімсің" әнін жарыққа шығарды.