Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Перудің Latina Noticias телеарнасына сұхбат беріп, өмірдегі басты мақсаты туралы айтты. Өнер иесі әлемде соғыс тоқтап, адамдар бейбіт өмір сүргенін қалайтынын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Димаш Құдайберген 26 қарашада Перу астанасы Лима қаласына барған. Сол күні жергілікті телеарна журналистерінің сұрақтарына жауап беріп, шығармашылығы, халықаралық сахнадағы тәжірибесі және алдағы концертінің ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
"Қаншама бала көз жұмып жатыр"
Сұхбат барысында журналистер Димаштан әншіліктен бөлек, адамдардың есінде қандай тұлға ретінде қалғысы келетінін сұраған.
Өнер иесі бұл сұраққа жауап бере отырып, сахнаны тек шығармашылық алаң ғана емес, адамзатқа маңызды ой жеткізудің мүмкіндігі деп санайтынын айтты.
"Көрермен алдында өнер көрсету – адамдарға соғыссыз әлем туралы еске салудың үлкен мүмкіндігі. Бұл – менің ең үлкен арманым. Қазір біз осында отырып, сұхбат беріп жатырмыз, кейін тамақтанып, бақытты өмірімізді жалғастырамыз. Ал осы уақытта планетаның басқа бөлігінде көптеген адам қаза тауып, қаншама бала көз жұмады. Бұл өте қорқынышты. Меніңше, адамдарға соғыссыз әлемді еске салу – менің басты миссиям", – деді Димаш.
Әншінің айтуынша, өнер арқылы бейбітшілік идеясын насихаттау оның өмірлік мақсаттарының бірі.
Тағы да оқыңыз: "Дариғадан аумай қалыпты": Олжас Абайдың сән көрсетіліміндегі образы көпшілікті тәнті етті.
Димаш әйгілі перулік әнші туралы айтты
Кездесу барысында Перудің мәдениеті мен музыка өнері де сөз болған. Димаш Құдайберген әйгілі перулік опера әншісі Има Сумактың шығармашылығын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, Има Сумак кезінде Қазақстанға келіп, Алматыда концерт берген. Сол сапарында қазақтың атақты әншісі Бибігүл Төлегеновамен кездескен.
Димаш екі өнер иесінің бірге түскен суретін көргенде ғана олардың жүздескенінен хабардар болғанын айтты. Сондай-ақ қазақстандық әнші Перудің танымал орындаушысы Ева Айльонмен Нью-Йоркте өткен алғашқы концерттерінің бірінде танысқанын еске алды.
"Концерт алдында бір күн бойы сөйлемеуге тырысамын"
Димаш сұхбатта үлкен концерттердің алдында қалай дайындалатынын да баяндады. Әншінің сөзінше, сахнаға шығардан бір-екі күн бұрын көп серуендемеуге тырысады. Себебі бар назарын алдағы өнер көрсетуге аударып, психологиялық тұрғыдан дайындалуды жөн көреді.
"Концерттен бір күн бұрын мүлде сөйлеспеуге тырысамын. Концерт күні ерте тұрып, бір сағат бойы бірнеше вокалдық жаттығу жасаймын. Содан кейін қайтадан тыныштық сақтаймын. Күндіз тағы бірнеше жаттығу жасап, үндемей жүремін. Сахнаға шығар алдында да шамамен 20 минут жаттығамын", – деді өнер иесі.
Ол мұндай дайындықтың дауысын сақтауға және концертке толық көңіл бөлуге көмектесетінін түсіндірді.
Тағы да оқыңыз: Доллар 460 теңгеден сатылып жатыр: 29 қарашадағы валюта бағамы белгілі болды.
Алдағы концертінде қандай жаңалық болады?
Сұхбат соңында Димаш Перудегі көрерменге қандай бағдарлама ұсынатынын айтты. Әншінің сөзінше, концерт адам болмысының әртүрлі қырларына, өмірге және адамгершілік құндылықтарға арналмақ.
"Әрқайсымыздың бойымызда жарық та, қараңғы да жақтар бар. Концерт осы туралы болмақ. Адамгершілік, жақсы музыка, өмір және өзіміз туралы айтамыз. Әртүрлі жанр мен стильдегі шығармалар орындалады. Сіздерге ұнайды деп үміттенемін", – деді Димаш Құдайберген.