Қазақстандық балуан Шұғыла Өмірбек 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бұл – аталған жарыста Қазақстан әйелдер құрамасы иеленген алғашқы медаль, деп хабарлайды Malim.kz.
53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Шұғыла Өмірбек ширек финалда қарсыласына есе жібергенімен, жұбаныш белдесулері арқылы жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды.
Қола медаль үшін өткен шешуші кездесуде қазақстандық спортшы украиналық Снежана Онуфриевамен күш сынасты. Тартысты өткен белдесу 11:10 есебімен аяқталып, Шұғыла жеңіске жетті.
Осылайша, ол Қазақстан әйелдер құрамасының қоржынына әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдені салды.
Ал 59 келіде өнер көрсеткен Виктория Хусаинова қола медаль үшін өткен кездесуде жеңіліс тапты.
Сондай-ақ Лаура Ғаниқызы (50 кг), Ұлдана Тілеухан (68 кг) және Алина Ертөстік (76 кг) жүлделі кезеңге өте алмады.
Айта кетейік, Шұғыла Өмірбек бұған дейін Азия ойындарында үздік бес балуанның қатарына енген болатын.