Бүгін қазақ әдебиеті мен өнеріне үлес қосқан бірқатар қаламгердің туған күні. Олардың қатарында ақын Нұрхан Ахметбеков пен жыршы Баянғали Әлімжанов бар. Сондай-ақ бұл күні әлемге танымал жазушы Оскар Уайльд пен теннисші Наоми Осака дүниеге келген, деп хабарлайды Malim.kz.
Нұрхан Ахметбеков

1903 жылғы 16 қазанда Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбеков дүниеге келген. Биыл оның туғанына 123 жыл толды. Ақын қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Тосын өңірінде туған. Жастайынан ауыз әдебиетіне жақын болып, өлең шығарып, жыр айтуға машықтанған. 1943-1946 жылдары Алматыда өткен халық ақындарының айтыстарында суырыпсалма өнерімен танылған. Оның қаламынан "Есім сері", "Жасауыл қырғыны", "Амангелді" секілді көлемді дастандар туған. Нұрхан Ахметбеков 1964 жылы өмірден өтті.
Шәміл Мұхамеджанов

Ақын, аудармашы Шәміл Мұхамеджанов 1931 жылғы 16 қазанда дүниеге келген. Биыл туғанына 95 жыл толып отыр. Ол Торғай өңірінде туып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында білім алған. "Жұлдыз" журналында және "Жазушы" баспасында еңбек еткен. Алғашқы өлеңдер топтамасы 1959 жылы "Жас қанат" жинағында жарияланған. Кейін өлеңдері мен дастандары жеке кітап болып басылып, балаларға арналған шығармалары да жарық көрді. Михаил Лермонтов, Тарас Шевченко, Леся Украинка және Расул Ғамзатов шығармаларын қазақшаға аударуға атсалысқан. Ақын 1980 жылы қайтыс болды.
Боранқұл Амантай
Жазушы, журналист Боранқұл Амантай 1944 жылғы 16 қазанда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Ол аудандық және облыстық басылымдарда тілші, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып еңбек еткен. Журналистикамен қатар архив деректерін зерттеуге ден қойған. Әсіресе Батыс Алашорда тарихына қатысты еңбектерімен танылған. "Жазықсыз жазаланған боздақтар", "Алашорда – тәуелсіздік бастауы", "Тәуелсіздік тірегі – Алашорда" кітаптарының авторы. Оның зерттеулерінде қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың тағдыры мен Алаш қозғалысының тарихы қамтылған.
Баянғали Әлімжанов

Ақын, жазушы, драматург, жыршы және манасшы Баянғали Әлімжанов 1954 жылғы 16 қазанда Степняк қаласында дүниеге келген. Биыл 72 жасқа толып отыр. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Әр жылдары газет-журналдарда, музейде, театрда және “Қазақфильм” киностудиясында қызмет атқарған. Айтысқа қатысып, жыршылық өнерімен де танылған. Шығармашылық жолында қырғыздың "Манас" эпосын орындауға ерекше мән берген. "Қиқыматтың хикаялары", "Алаш пен Манас", "Әзіл шуағы" кітаптарын жазып, пьесалар мен фильм сценарийлерін дүниеге әкелген.
Оскар Уайльд

Ирландиялық жазушы, ақын әрі драматург Оскар Уайльд 1854 жылғы 16 қазанда Дублинде туған. Биыл оның туғанына 172 жыл толды. Әлем оқырмандарына “Дориан Грейдің портреті” романы және "Бақытты ханзада" ертегісі арқылы кеңінен танылған. Жазушы шығармаларында сұлулық, ар-ождан, адам мінезі мен қоғамдағы жасандылық мәселелерін көтерген. Оның пьесалары өткір әзілімен және ұтқыр диалогтерімен ерекшеленеді. Оскар Уайльд 1900 жылы өмірден өткен.
Анджела Лэнсбери

Актриса әрі әнші Анджела Лэнсбери 1925 жылғы 16 қазанда Лондонда дүниеге келген. Биыл туғанына 101 жыл толды. Ол кино, театр және телевизияда ұзақ жыл еңбек еткен. Көпшілікке "Murder, She Wrote" детективті сериалындағы Джессика Флетчер рөлімен танылған. Сериалда оның кейіпкері – қылмыстардың сырын ашуға көмектесетін жазушы. Лэнсбери "Сұлу мен құбыжық" анимациялық фильмінің ағылшын тіліндегі нұсқасында Поттс ханымға дауыс берген. Актриса 2022 жылы 96 жасында қайтыс болды.
Наоми Осака

Жапониялық теннисші Наоми Осака 1997 жылғы 16 қазанда Осака қаласында туған. Бүгін спортшы 29 жасқа толды. Ол 2018 жылы АҚШ ашық чемпионатында жеңіске жетіп, алғашқы "Үлкен дулыға" титулын иеленді. 2019 жылы Австралия ашық чемпионатын ұтып, әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді. Осака – жекелей сында әлемнің бірінші ракеткасы атанған алғашқы азиялық теннисші. Ол 2020 жылы АҚШ-та, 2021 жылы Австралияда өткен ашық чемпионаттарда да топ жарған. Осылайша “Үлкен дулыға” жарыстарын төрт рет жеңген.