freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Күйеуіне айтпаған құпия: жоғалған жүзік 13 жылдан кейін сәбізден табылды

Оқиға •
Күйеуіне айтпаған құпия: жоғалған жүзік 13 жылдан кейін сәбізден табылды
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Бақшада жоғалған гауһар тасты жүзік 13 жылдан кейін иесіне күтпеген жерден қайтқан. Кешкі асқа сәбіз жинаған келіні көкөністің ортасынан жылтыраған әшекейді байқап қалған,, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл ерекше оқиға Канадада болған. Оны халықаралық басылымдар 2017 жылғы тамызда жариялаған. Сол кезде 84 жаста болған Мэри Грэмс ұзақ жыл бұрын жоғалтқан қымбат естелігін қайта қолына тағуға мүмкіндік алған.

Жүзіктің жоғалғанын күйеуінен жасырған

Мэри әшекейді 2004 жылы отбасылық шаруашылықтың бақшасында жұмыс істеп жүріп жоғалтып алған. Оның айтуынша, арамшөпті жұлып жатқанда жүзік саусағынан түсіп қалған болуы мүмкін. Қай тұста жоғалтқанын шамалағанымен, қанша іздесе де таба алмаған.

Ақырында ол басқа жүзік сатып алған. Бірақ болған жағдайды күйеуі Норманға айтпаған: жұбайы ренжіп қалады деп ойлаған. Бұл құпияны ұлы ғана білген.

Әшекей Мэри үшін жай ғана бағалы бұйым болмаған. Норман оны 1951 жылы, екеуі үйленбей тұрып сыйлаған. Сондықтан жоғалған жүзіктің отбасылық естелік ретіндегі орны ерекше еді. Өкінішке қарай, ол табылған кезде Норман өмірден өтіп кеткен болатын.

Лақтырып жіберуге шақ қалған сәбіз

Арада 13 жыл өткенде сол шаруашылықта тұрып жатқан келіні Коллин Дейли кешкі асқа сәбіз жинауға шыққан. Қазып алған көкөністердің бірінің пішіні өзгеше болған.

Алғашында оны тастай салмақ болғанымен, жылтыраған нәрсе назарын аударған. Қараса, сәбіздің ортасын жүзік қысып тұр екен: көкөніс топырақта жатқан әшекейдің ішінен өсіп шыққан.

Коллин табылған затты күйеуіне көрсеткен. Ол анасының бір кездері бақшада жүзігін жоғалтқанын есіне түсіріп, әшекейдің кімге тиесілі екенін түсінген. Көп жыл бойы із-түзсіз кеткен бұйым осылайша қарапайым бақша жұмысы кезінде табылған.

Жүзік саусағына әлі де шақ келген

Мэриге қуанышты хабарды жеткізгенде, ол алғашында сенбеген. Алайда әшекейді өз көзімен көрген сәтте бірден таныған.

Сәбізді кесіп, жүзікті босатқаннан кейін жуып-тазалаған. Ең қызығы, сонша уақыт өтсе де, ол иесінің саусағына шақ келген. Мэри қымбат естелігін қайта таға бастаған.

Осы жағдайдан кейін әйел сыртта жұмыс істегенде жүзігін шешіп, қауіпсіз жерге қоятын болғанын айтқан. Бір кезде жоғалдыға санаған әшекейі оған 13 жылдан кейін осындай таңғаларлық жолмен оралған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу