Әйелі қайтыс болды деп жұрттан көңіл айтып жатқан ер адам оның үйге тірі ораларын күтпеген. Ноэла Рукундо өзін жоқтауға келген адамдар тараған кезде күйеуінің алдынан шыққан. Кейін ер адамның оны өлтіруге тапсырыс бергені сотта анықталған, деп Malim.kz тілшісі ABC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл оқиға 2015 жылы болған. Ноэла жақынының жерлеу рәсіміне қатысу үшін сапарға шыққан. Бір күні күйеуі телефон шалып, сыртқа шығып, таза ауа жұтуға кеңес берген. Алайда қонақүйден шыққан әйелді қарулы адамдар күтіп тұрған.
Олар Ноэланы көлікке отырғызып, белгісіз жерге алып кеткен. Сол жерде әйелге оны өлтіруге өз күйеуі ақша төлегенін айтқан. Ноэла алғашында бұған сенбеген.
Сонда оны ұрлағандар күйеуіне қоңырау шалып, телефонның дауысын зорайтқан. Әйел ар жақтан он жыл бірге тұрған адамының дауысын естіген. Ол тапсырысты орындауды талап еткен.
Бірақ оқиға күйеуі ойлағандай аяқталмаған. Қарулы адамдар әйелді өлтіруден бас тартып, екі күннен кейін босатқан. Оның қолына телефон әңгімелерінің жазбасын және ақша аударылғанын растайтын түбіртектерді берген.
Ал күйеуі Баленга Калала тапсырыс орындалды деп сеніп, таныстарына әйелінің қайғылы оқиғадан көз жұмғанын хабарлаған. Үйіне көңіл айтуға адамдар жиналған. Осы уақытта Ноэла үйге оралудың жолын іздеген.
Ақыры ол еш ескертусіз үйіне келген. Алдымен көлікте отырып, өзін жоқтауға жиналғандардың тарауын күткен. Күйеуін көргенде сыртқа шыққан.
Ноэланың кейін берген сұхбатына қарағанда, оны көрген Калала басын ұстап, көзіне сенбеген. Әйел оған: "Мен тірімін!" – деген. Күйеуі кешірім сұрай бастағанымен, Ноэла полицияға хабарласқан.
Калала кінәсін мойындап, 2015 жылғы желтоқсанда адам өлтіруге айдап салғаны үшін тоғыз жылға сотталған. Сотта оның әрекетіне негізсіз қызғаныш себеп болғаны айтылған. Ноэла сегіз баланың анасы еді.