freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Алматылықтарды жалған ақпаратпен алдаған": Прокурор Санжар Боқаевқа қатысты айыптарды жариялады

Қоғам •
"Алматылықтарды жалған ақпаратпен алдаған": Прокурор Санжар Боқаевқа қатысты айыптарды жариялады

Алматының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі, «ҚазТрансГаз» басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Сот барысында прокурор оның әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратты деген айыпқа қатысты мәліметтерді жариялады.

Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, Боқаев әлеуметтік желідегі парақшаларын пайдаланып, мемлекеттік органдар мен құрылыс компанияларының жұмысына қатысты қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысқан.

Прокурордың мәлімдеуінше, ол кейбір заңсыз әрекеттерді алдын ала ұйымдастырып, кейін олардың салдарын бейнежазбаға түсіріп, шенеуніктердің әрекеті ретінде көрсеткен.

Атап айтқанда, айыптау тарапы Боқаев Баум тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесу мен гранит тақталарды ұрлау әрекеттерін ұйымдастырған деп есептейді. Бұл жұмыстарға арнайы адамдар тартылып, кейін оқиға орындары мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның қатысуымен түсірілген деген болжам айтылды.

968 миллион теңгеге қатысты дау

Прокурор сотта Бостандық ауданындағы жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу туралы бейнежазбаны да мысалға келтірді.

Айыптау тарапының мәліметінше, мемлекеттік сатып алу құжаттарында жалпы сомасы шамамен 968 миллион теңгеге 10 өткелді, оның ішінде бес жерасты және бес жерүсті өткелін жөндеу қарастырылған.

Алайда прокурордың айтуынша, Боқаев жариялаған бейнероликте бұл қаржы небәрі екі өткелді жөндеуге бөлінгендей көрсетілген.

Айыптау тарапы мұны мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпараттың толық берілмеуімен байланыстырып отыр. Прокурордың сөзінше, бейнероликте құжаттың тек белгілі бір бөлігі көрсетілген.

«Атакенттегі» 10,3 миллиард теңгенің жұмсалуы да сөз болды

Сотта 2025 жылдың қарашасында жарияланған «Атакент» көрме орталығын жаңғыртуға қатысты бейнематериал да қарастырылды.

Айыптау тарапының мәліметінше, құны шамамен 10,3 миллиард теңге болатын жобаға көшені жарықтандырудан бөлек, су құбыры мен кәріз желілерін жүргізу, балалар ойын алаңдарын, аттракциондар мен саябақ нысандарын орнату жұмыстары кірген.

Прокурор Боқаевтың бейнежазбасында аталған қаржы тек жарық шамдарын орнатуға жұмсалатындай түсіндірілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар айыптау тарапы Әзербайжан астанасындағы жарықтандыру шығындарымен жасалған салыстыруды да жаңылыстыратын ақпарат ретінде бағалады.

Сарапшылар қандай қорытындыға келген?

Айыптау тарапы сотта филологтар мен саясаттанушылар қатысқан сараптама қорытындысына да тоқталды.

Прокурордың мәлімдеуінше, мамандар әлеуметтік желіде жарияланған материалдарда аудиторияның пікіріне ықпал етуге бағытталған манипуляциялық тәсілдер қолданылған деген тұжырым жасаған.

Айта кетейік, Санжар Боқаевқа алаяқтық, ұрлық, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру, ағаштарды заңсыз кесу және жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып тағылған.

Ал қорғау тарапы бұған дейін іс материалдарымен толық танысуға мүмкіндік берілмегенін айтып, істі прокуратураға қайтаруды сұраған.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор келтірген деректер айыптау тарапының ұстанымы болып саналады. Санжар Боқаевтың кінәлі немесе кінәсіз екені соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу