freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Отан туралы өлеңдер мен тақпақтар: Республика күніне арналған әсерлі жырлар

MALIMet •
Отан туралы өлеңдер мен тақпақтар: Республика күніне арналған әсерлі жырлар
Қазақстан туы. Фото: pixabay.com

25 қазан – Республика күні қарсаңында Отан, туған жер, Қазақстан және ел тәуелсіздігі туралы өлеңдерге қызығушылық артады. Мектептер мен балабақшаларда мерекелік іс-шаралар өтіп, балалар туған елге арналған тақпақтар жаттайды. Осыған орай Malim.kz оқырмандарына қазақ ақындарының Отан туралы өлеңдері мен Республика күніне арналған жырларды жинақтап ұсынады.

Республика күні – Қазақстанның маңызды ұлттық мерекесі. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды қадамдарының бірі болды.

Қазақ әдебиетінде Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге құрмет, елдік пен еркіндік тақырыбы ерекше орын алады. Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Жұбан Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова және басқа да ақындардың шығармалары осы сезімді терең жеткізеді.

Мұқағали Мақатаев – "Отан туралы"

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: "Отан!" деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...

Мұқағали Мақатаев – "Отан"

Отан!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға – сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз –
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан – мекенің!

Мағжан Жұмабаев – "Мен жастарға сенемін"

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегенi көк аспан.
Мен жастарға сенемiн!
Жұмсақ мiнез жiбектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиеттi тiлектер –
Мен жастарға сенемiн!
Тау суындай гүрiлдер,
Айбынды алаш елiм дер,
Алтын Арқа жерiм дер,
Мен жастарға сенемiн!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!...
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!

Жұбан Молдағалиев – "Мен – қазақпын"

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.
Бәлки қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.
Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».
Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Қаңқалары табылып жатыр қазір
Соғыстар мен жорықтар іздерінен.

О замандас, соларға бір қараңыз:
Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.
Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,
Өшкендерді табатын бір ғана біз.

Мирасы ма, мұра ма аз ба со да?
Алынбайды алтындай қазбаса о да.
Тереңім көп, тұңғиық тарихым көп,
Жылдар көші том-томдап жазбаса да.

Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім.
Білдім, бірақ, найза мен аттың белін.
Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,
Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.

Жетпеген жоқ ғылымға зеректігім,
Сезбеген де емеспін керектігін.
Қала бердім жарыққа жол таба алмай,
Қараңғыға тас батып ер екпінім.

Кейін білдім жердің де шар екенін,
Өз өлшемі, өз шегі бар екенін.
Көк өгіз деп көтеріп тұрған соны,
Ысырап боп жүріпті «бәрекелдім».

Ұзақ ұйықтап тұмса түз бесігінде,
Естімеппін Архимед есімін де.
Жерді үйіру қиялы былай тұрсын,
Жемісі де тимепті несібеме.

Танытпады надандық Сократты,
Гомерді де көп ғасыр тоқыратты.
Көзім басыр болса да, ойым көргіш
Мен де ақын ем өзіндей сол бір қарттың.

Келсе ғой далама бұрын олар,
Коперниктер, Джордано Брунолар!..
Қапы кетті қаншама ұл-қыздарым,
Бағы жанса, солардың бірі болар.

Арылмады басымнан замана – түн,
Үйіп-төгіп жазмыш жаманатын.
Европадан жетпіс жыл соң оқыдым
"Коммунистік манифест" ғаламатын.

Соң оқыдым, талайдан бұрын ұқтым,
Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.
Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт
Россиядай, Лениндей ұлылықтың!

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

Атымның да кеше ғой танылғаны,
Оған дейін не таңба таңылмады?
Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –
Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары.

...

Фариза Оңғарсынова – "Туған жер"

Құрыш болат білекпен
шөл далаға гүл еккен,
қалаларды самсатып,
жапандарды түлеткен
ағаларым көп мұнда.
Кешегі елсіз жатқан маң
аты аңыз боп жатталған,
жер астының байлығын
теңіз қылып ақтарған
апайларым көп мұнда.
Заводтары қаптаған
зәулім үйлі көп қалам!
Жұрт ержүрек жандардың
мекені деп мақтаған
туған жерім бұл менің!

Фариза Оңғарсынова – "Туған жер, туған ауыл қымбат маған"

Туған жер, туған ауыл қымбат маған,
ешкімге бұл сезімді былғатпағам.
Мен оның өзім ғана сезінетін
қастерлі қасиетін жырлап бағам.
Ол жерге деген менде сезім бөлек,
(жатпасын келгенімде өзімді елеп!)
Ал оның қасиетін сезу үшін
тек менің жүрегім мен көзім керек!
Мен үшін өмірдегі ең ізгі бақ –
сол жерден басталған-ды сезім-бұлақ.
Жайылып қазағымның даласына,
кеудемнен барады енді теңіз құлап.
Самалын Сарыарқаның жұтсам деп ем,
сол жаққа жүрегім мен құштар денем.
Мендегі сезімді де көре алмайды
көр кеуде кейбір пасық дұшпан деген.
Заңы жоқ, тәртібі жоқ қоғамдар кем,
бәрібір қоғам қорғар соғар желден.
Ал менің дариядай сезімімді
ешкім де бөгей алмас тоғандармен!
Басында Оқжетпестің сағым-мұнар,
жан қанша жазығында жанымды ұғар!
Қиындап түсінісу кеткесін бе,
өзімді ұққандарға жаным құмар.
Қарасам биігіне Үшқараның,
жаныма қуат құяр күш табамын.
Көңілім құлындайды, естігенде
қия алмай көшіп жатқан құстар әнін.
Бұл маңнан нелер терең сырды ұқпадым,
ту ұстар не жайсаңды мұң жұтқанын…
Мен қалай сүймей енді тұра аламын
бұл жерге тамбады деп кіндік қаным?!
Даламды жасапты-ау бір керім ұста,
тек жұрттар дәл өзімдей сезіп, ұқса…
Туған ел, саған деген махаббатым
бағынар емес жүзге не жынысқа!

Ілияс Жансүгіров – "Ағынды менің Ақсуым"

Ағынды менің Ақсуым,
Ақырып әлі ағасың,
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасын.
Тас тарпуын, шапшуын,
Қарасаң қайран қаласың,
Жалғыз жазғы бір кеште,
Жағаладым жағасын.
Тұнжыраған торғын түн,
Төндім сұлу суына.
Таңырқап тау-тас тамсанып,
Жымиды жұлдыз мұңыма.
Сүмиген сүңгі сұрша тал,
Шомылды таудың суына.
Таймандаған тайпақ ай,
Желегі ме, туы ма?
Шүйке шарбы бұлтты
Қалқалай қалды қылмия.
Аспанды, ай алтын құшағы,
Қусыра қайың құшады.
Қарамай қайың, қалайша
Қаужиған құшсын бұтаны?
Қайың мен сәуле сүйіссін,
Сүймегенді нысабы:
Итмұрыны меңіреп,
Қудырлап қоңыз ұшады.
Бауырлаған ағынның,
Сумаңдап суы сылдырайд;
Қудиған қоңыр құрақтың
Саусағы суда судырайд;
Суға төнген бір шыбық
Дірілдейд, суда сырылдайд;
Оған қонған бір шымшық
Шиқ-шиқ етед, шырылдайд...

Мұхтар Шаханов – "Төрт ана"

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ – түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛI – мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ -тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және ТУҒАН ТАРИХЫ.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана-тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу