Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев көпшілікке жақсы жаңалығы бар екенін жеткізді. Ал Олжас Абайдың бұрынғы жұбайы Аймира Аман өмір сынақтары мен бақыт туралы сырлы жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Дархан Мұсаев адам ойлаған дүниенің бәрі бірдей жүзеге аса бермейтінін айтып, Алланың қалауына сенетінін жеткізді.
"Құдайдың құдіретіне көзім жетті. Адамның емес, Алланың айтқаны болады екен. Жақсы жаңалығым бар. Алдағы уақытта бөлісіп отырамын", – деді ол.
Алайда өнер иесі қуанышты жаңалығының неге қатысты екенін нақтыламады. Оның жеке өміріне немесе шығармашылығына байланысты екені әзірге белгісіз.
Аймира Аман не жазды?
Осы тұста Олжас Абайдың бұрынғы жұбайы, әнші Аймира Аман да әлеуметтік желідегі жарияланымымен назар аударды. Бұған дейін Malim.kz жазғандай, ол парақшасына бейнежазба жүктеп, адамның тағдыры, қайғысы мен қуанышы туралы өлең жолдарын бөліскен.
"Жалғаннан адам жақұт тереді,
Жауап қайтарар уақыт келеді.
Елде жоқ қайғы берген Жаратқан,
Ешбір жанда жоқ бақыт береді.
Дүние басқа, менің дүнием басқа. Мен басқамын, басқалар басқа", – деп жазды әнші.
Аймира Аман бұл сөздердің қандай жағдайға байланысты жарияланғанын түсіндірмеген. Дархан Мұсаев та өз мәлімдемесін Дариға мен Олжастың некесіне байланыстырмаған.
Дариға мен Олжастың махаббат хикаясы қалай басталды?
Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың таныстығы бірден махаббатқа ұласпаған. Malim.kz жариялаған махаббат хикаясында олардың алғашқы бірлескен жұмыстарында мінездері үйлеспей, келіспей қалған кездері болғаны айтылады.
Кейін актерлердің шығармашылық байланысы нығайды. Соның ішінде 2023 жылы шыққан "Таптым-ау сені" фильмінде Дариға Сәуленің, Олжас Жексеннің рөлін сомдады. Бірлескен жобалар олардың жақынырақ араласуына мүмкіндік берген.
2026 жылдың қыркүйегінде Олжас Абай Дариғаға деген сезімін әлеуметтік желіде ашық білдірді. Ол актрисамен бір ай көріспегеннен кейін махаббатқа деген көзқарасы өзгергенін жеткізген.
Қос өнер иесі 2026 жылғы 12 қазанда Алматыда үйлену тойын өткізді. Салтанатты кешке қазақстандық шоу-бизнес өкілдері қатысты. Кейін Дариға көпшіліктен өздеріне бақыт тілеуді сұрады. Бұл туралы Malim.kz бұған дейін де хабарлаған.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Бадықова — қазақстандық актриса әрі продюсер. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Шығармашылық жолында театрда, телехикаялар мен толықметражды фильмдерде еңбек етті.
Көпшілікке "Келінжан" телехикаясындағы Айсара рөлімен кеңінен танылды. "Қазақша бизнес" фильмдер топтамасында да ойнаған. Кейін продюсерлік бағытқа бет бұрып, "Таптым-ау сені" жобасын жүзеге асырды. Бұл фильмде Олжас Абаймен бірге басты рөлдерді сомдады.
Олжас Абай кім?
Олжас Абай, көпшілікке Очоу есімімен де таныс өнер иесі — қазақстандық актер әрі продюсер. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында драма театры және кино актері мамандығы бойынша білім алған.
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек еткен. Көрерменге "Брат или брак", "Класстастар", "Базар жоқ, Мексика!", "Хотя бы кинода 2", "Таптым-ау сені" секілді фильмдер арқылы таныс. Актерлікпен қатар музыка және продюсерлік бағытта да жұмыс істейді.