freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Тәте деген – қате": Дильназ Ахмадиеваның даулы клипінен кейін колледж басшылығының жауапкершілігі қаралады

Шоу-бизнес •
"Тәте деген – қате": Дильназ Ахмадиеваның даулы клипінен кейін колледж басшылығының жауапкершілігі қаралады
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Дильназ Ахмадиева мен "Азия" тобының "Milfa" әніне түсірілген бейнебаяны әлеуметтік желіде қызу талқыланып, білім саласы өкілдерінің назарын аударды. Клип Алматыдағы колледждердің бірінде түсірілген. Қалалық білім басқармасы түсірілімге рұқсат берген басшының міндетін атқарушының тәртіптік жауапкершілігі қаралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Дауға әншінің бейнебаяндағы образы мен туындының мәтіні себеп болған. Клипте Дильназ Ахмадиева қазақ тілі пәнінің мұғалімі кейпінде көрінеді. Ал "Азия" тобының мүшелері оқушы рөлін сомдайды. Жарияланған үзінділерде оқушы кейпіндегі әртістердің парта үстіне шығып билеп, ақша шашатын көріністері бар.

Көрермендердің бір бөлігі мұғалім бейнесін сексуалдық астары бар мазмұнмен байланыстыруды орынсыз деп бағалаған. Олар мұндай көріністердің ұстаз беделіне және білім ордасына деген құрметке әсеріне алаңдаушылық білдірген. Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында Оқу-ағарту министрлігін белгілеп, жағдайға назар аударуды сұрағандар да болған. Сонымен қатар бейнебаянды әзіл ретінде қабылдаған көрермендер де кездеседі.

Клип қайда түсірілген?

Azattyq Rýhy мәліметінше, мәселе көтерілгеннен кейін Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласының білім басқармасы жағдайды зерделей бастаған. Нәтижесінде түсірілім мектепте емес, қаладағы колледждердің бірінде өткені анықталған.

Білім басқармасының редакцияға берген жауабына сәйкес, сол уақытта колледж директоры іссапарда болған. Түсірілімге оның міндетін атқарушы рұқсат берген. Бастапқы жоспар бойынша Дильназ Ахмадиева студенттермен кездесіп, өзінің өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелеуі керек болған.

Алайда колледж әкімшілігі түсірілімнің нақты мақсатын, сценарийін және бейнематериал мазмұнын тиісті деңгейде зерделемеген. Осыған байланысты жауапты тұлғалардың әрекеттеріне баға беріліп, ұйымдастырушылық және тәртіптік шаралар қабылданатыны айтылған. Атап айтқанда, тиісті келісімсіз түсірілім ұйымдастыруға жол берген директор міндетін атқарушының жауапкершілігі қаралады. Жарияланған жауапта нақты қандай жаза қолданылғаны хабарланбаған.

Әннің қай сөзі талқыға түсті?

Ән мәтініндегі көпшілік назарын аударған қысқа үзінді:

"Тәте деген – қате, хотя бы милфа де".

Осы сөздер мен мұғалім образының қатар берілуі пікірталасты күшейткен. Желі қолданушыларының бір бөлігі әндегі қаратпа сөздің ұстазға қатысты қолданылуын сынаған. Наразылық білдіргендер шығармашылық идеяның білім беру ортасымен байланыстырылуына қарсылық танытқан.

Музыкалық платформаларда туынды "АЗИЯ" және Dilnaz Akhmadiyeva орындауындағы "MILFA" синглі ретінде тіркелген. Apple Music мәліметінде оның жарыққа шыққан күні 2026 жылғы 16 қазан деп көрсетілген.

"Азия" тобы не дейді?

Қоғамдық талқылаудан кейін "Азия" тобының мүшесі Ринат Басит түсініктеме берген. Ол шығармашылық ұжымның ешкімді ренжіту немесе құрметсіздік таныту мақсаты болмағанын жеткізіп, туындысы біреудің көңіліне тиген жағдайда кешірім сұраған.

"Біздің мақсатымыз – шығармашылық, ешкімді ренжіту немесе құрметсіздік таныту емес", – деп жазған ол.

Сондай-ақ Ринат Басит колледж басшылығының орынсыз зардап шеккенін қаламайтынын атап өткен. Ол жағдайға объективті баға беріліп, мәселе түсіністікпен шешіледі деген үмітін білдірген.

Дильназ Ахмадиева кім?

Дильназ Ахмадиева – қазақстандық әнші, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1980 жылғы 20 қарашада Алматыда музыканттар отбасында дүниеге келген. Әкесі Мұрат Ахмадиев — "Яшлык" ансамблінің негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі.

Дильназ өнерге бала кезінен араласқан. Төрт жасында "Волшебное яблоко" фильміне түсіп, алты жасында Алматыдағы Ұйғыр театрының сахнасында ән орындаған. Кейін ағылшын тілі бағыты бойынша жоғары білім алып, аудармашы-референт мамандығын меңгерген.

Музыкалық мансабында "Ты меня больше не увидишь", "Может однажды" секілді әндерімен танылды. 2002 жылы Юрмаладағы "Новая волна" байқауында Қазақстан атынан өнер көрсеткен. Әншіліктен бөлек, "Көшпенділер" тарихи фильмінде Хоша рөлін сомдаған. Продюсерлік қызметпен де айналысып, Embassy of Art орталығы мен Some Toir музыкалық жобасын құрған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу