Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Шынар Ақпарова оқушылардың үлгерімін бағалау қағидаларына өзгеріс енгізді, деп Malim.kz тілшісі, qrnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа ережеге сәйкес, 1-сынып оқушыларының білімі бағаланбайды. Ал 2–4-сынып оқушылары үшін формативтік бағалау 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі.
5–11(12)-сынып оқушылары бір немесе екі пәннен жылдық "2" алса, сол пәндер бойынша жиынтық бағалаудан өтеді. Соның нәтижесі бойынша қорытынды баға шығарылады.
Егер оқушы қайта тапсырғаннан кейін де "2" алса, оқу жылы басталғанға дейін оған қосымша жиынтық бағалау тағайындалады. Сол кезеңде де қанағаттанарлықсыз баға алған жағдайда, оқушы қайта оқуға қалдырылады.
Ал үш және одан да көп пәннен жылдық "2" алған оқушылар бірден қайта оқу жылына қалдырылады. Тек жылдық қорытындысында "3", "4", "5" алғандар келесі сыныпқа көшіріледі.
Осылайша, жаңа тәртіп бойынша үлгерімі төмен оқушыларға қосымша мүмкіндік беріледі. Алайда бірнеше пәннен қанағаттанарлықсыз баға алғандар оқу жылын қайта оқуға мәжбүр болады.