Павлодарлық оқушының Гарвард пен өзге де шетелдік жоғары оқу орындарына түскені туралы ақпаратқа қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Павлодар облысының білім басқармасы қызға келген шақыртуларды, соның ішінде Harvard Extension School атынан жолданған хатты тексеру қажет екенін мәлімдеді. Оқушының ата-анасы полицияға жүгінген. Ал педагогтер әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған қызды қудалауға жол бермеуге шақырды, деп Malim.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде тоғыз тіл білетін, халықаралық FLEX бағдарламасына қатысқан 17 жастағы павлодарлық оқушының бірнеше шетелдік оқу орнына, соның ішінде Harvard Extension School-ға қабылданғаны туралы жазбалар тараған.
Бұл ақпараттың шынайылығына қазақстандық Threads қолданушысы Даниял Сүлеймен күмән келтірді. Оның айтуынша, алдымен оқуға қабылдау мерзімі назарын аударған. Жарияланымдарда қызға шақырту қазан айында келгені айтылған. Ал құжатты ерте тапсырған талапкерлердің өзіне қабылдау нәтижесі әдетте желтоқсанда хабарланады. Сондай-ақ ол оқушы туралы материалдарда аталған грантты іздеп таба алмағанын жазды.
Даниял Сүлеймен университет өкілдерімен хат алмасқанын айтып, сол хаттардың скриншоттарын да жариялады. Ол ұсынған жауапта оқушыға келген қабылдау және стипендия тағайындау туралы хаттың түпнұсқа емес екені көрсетілген.

Оқушының анасы Асия Окасова бейнеүндеу жариялап, қызының барлық шақыртулары келіп түскен электронды поштасын біреу бұзып кіруі мүмкін екенін айтты.
"Гарвардқа және басқа шетелдік университеттерге қатысты шақыртулардың мән-жайын анықтаймыз. Меніңше, біреу баламның поштасын бұзып кіріп, оны мазақ еткен. Ана ретінде қазір баламды қорғағым келеді. Өтінемін, менің балам кәмелетке толмаған. Мен ойдан ештеңе шығармаймын. Өз баламды білемін. Бүкіл әлемге осылай танылуды көздемейміз, бұл ақылға сыймайды ғой, түсініңіздер. Біреу оның поштасын бұзып кіріп, келеке еткен", – деді оқушының анасы.
Павлодар облысының білім басқармасы Harvard Extension School атынан жолданған хаттың оқушыға 30 қазанда келгенін хабарлады.
"Оқушының айтуынша, хатта 2027 жылдың күзгі семестрінен бастап гуманитарлық ғылымдар бакалавры (Bachelor of Liberal Arts – ALB) бағдарламасы бойынша негізінен онлайн форматта оқу мүмкіндігі және бүкіл оқу кезеңіне толық стипендия берілетіні жазылған. Сондай-ақ отбасының мәліметінше, оқушыға бірқатар басқа шетелдік жоғары оқу орындарынан да шақыртулар мен ұсыныстар түскен. Бұл ұсыныстар туралы мәліметтерді, соның ішінде Harvard Extension School атынан келген хатты қосымша нақтылап, тексеру қажет", – деп түсіндірді басқарма.
Ведомство тексеру кезінде оқушының жетістіктері туралы жазбаны ресми парақшасынан алып тастаған.
"Жарияланым оқушының білім алуға деген талпынысын қолдау және өзге оқушыларға білімін жетілдіру мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында әзірленді. Гарвард университетіне қабылданғаны туралы ақпараттың шынайылығына күмән келтіретін жазбалар шыққаннан кейін материал басқарманың ресми парақшасынан алынды. Қазір мектеппен және отбасымен бірлесіп, хаттың қалай келгенін және шетелдік оқу орындарынан түскен ұсыныстардың мазмұнын анықтап жатырмыз", – деп мәлімдеді облыстық білім басқармасы.
Сонымен қатар басқарма оқушыға Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқу ақысын ішінара өтейтін білім гранты берілгенін растады.
Ведомство БАҚ өкілдері мен жұртшылықты тексерілмеген ақпаратты таратпауға және әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған қызды қудалауға жол бермеуге шақырды.