Белгілі актер Олжас Абай актриса Дариға Бадықовамен арадағы қарым-қатынасына қатысты бұрын көпшілікке айтылмаған жайттарды бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында той қарсаңында екеуінің арасында түсініспеушілік болғанын жасырмады. Актердің сөзінше, сол сәтте ол өмірін әрі қарай жалғастырып, күнделікті тіршілігіне қайта оралуға тырысқан.
Алайда арадағы келіспеушілік оның көңіл күйіне айтарлықтай әсер еткен. Ол өмірінде бәрі жеткілікті болғанымен, бұрын қуаныш сыйлаған дүниелердің өзі қызықсыз болып қалғанын айтты.
"Той болардың алдында ұрысып қалдық. Қой дедім, енді неде болса да талай аттан құлағанбыз, әрі қарай да кете бересің ғой. Баяғы замандағыдай көрпе жамылып, аспанға қарап жататын уақыт жоқ. Қайғырып, мұңайып жататын уақыт жоқ. "Айналайын, жаттығуымды істейін, тірлігіме кірісейін" дедім. Аллаға шүкір, қазір жағдай да бар, бәрі жақсы. Құдайға тәубе, көлігім де бар. Халықтың қошеметі бар, атақ-абыройың бар. Әдемі тірлігіңді істеп кете берсең болады негізі. Ештеңе орнынан қозғалмай қалды ғой. Адам да, ғалам да қызық емес болып қалды. Сол кезде "менің адамым ба?" дегенді түсінген шығармын. Сол кезде сигнал келді. "Қой, онда шешіп, той қылайық" дедім", – деп Олжас Абайдың сөзін келтіреді ozgeris.info сайты.
Актердің айтуынша, дәл осы жағдай оған өз сезімін тереңірек түсінуге мүмкіндік берген. Арадағы реніштен кейін ол Дариға Бадықованың өміріндегі орнын айқынырақ сезініп, қарым-қатынастарына қатысты маңызды шешім қабылдаған.
Еске сала кетейік, Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында өткен өмірі мен қазіргі бақыты туралы ой бөліскен.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Бадықова – қазақстандық танымал актриса әрі продюсер. Ол 1985 жылы 1 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Музыкалық драма және режиссура" мамандығы бойынша білім алған.
Шығармашылық жолын театр сахнасынан бастаған актриса кейін кино мен телехикаяларға түсе бастады. Ол әсіресе "Келінжан" телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы көпшілікке кеңінен танылды.
Бұдан бөлек, өнер иесі "Қазақша бизнес", "Гудбай, мой бай!", "Хотя бы кинода 2" және өзге де киножобаларға қатысты.

Кейінгі жылдары Дариға Бадықова продюсерлік қызметке де ден қойды. Оның шығармашылық жобаларының бірі – "Таптым-ау сені" фильмі. Аталған туындыда актриса Олжас Абаймен бірге басты рөлдердің бірін сомдады. Кейін картинаның жалғасы да түсірілді.
2026 жылы актриса құтқарушылардың өмірі мен қызметіне арналған жаңа киножобаны қолға алғанын хабарлады. Фильмнің түсірілім жұмыстары Өскемен қаласында жүргізілді.
Олжас Абай кім?
Олжас Абай – отандық кино және театр актері, продюсер. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, ол 1991 жылы дүниеге келген.
Актер Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алып, шығармашылық жолын театрдан бастаған. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек еткен.
Олжас Абай көрерменге "Брат или брак", "Сиситай", "Класстастар", "Базар жоқ, Мексика!", "Zero", "Ауылбайский участковый", "Хотя бы кинода 2" және "Таптым-ау сені" фильмдері арқылы таныс.

Өнер иесі актерлікпен қатар продюсерлік, әншілік және жүргізушілік бағыттарда да өзін сынап көрген.
Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың шығармашылық байланысы бірнеше бірлескен жобадан бастау алады. Әсіресе «Таптым-ау сені» фильмі мен оның жалғасында екеуі басты кейіпкерлерді сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді.