Әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі, журналист Назира Байырбек некені бұзу туралы өтінішінің сотта қанағаттандырылғанын айтты. Ол әлеуметтік желідегі бейнеүндеуінде өмірінің жаңа кезеңін бастайтынын жеткізіп, көпшілікті өзгенің отбасы тыныштығын бұзбауға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Назира Байырбектің айтуынша, сот процесі өзінің өтініші бойынша өткен.
"Қазір ғана менің өтінішім бойынша сот процесі аяқталды. Өтінішім қанағаттандырылды. Енді мен Қазақстандағы басы бос, бойдақ әйелдердің қатарындамын", – деді ол.
Журналист осы мәлімдемесінен кейін тұрмыс құрмаған қыздар мен үйленбеген жігіттерге, сондай-ақ ажырасқан азаматтарға үндеу жолдады. Ол отбасылы адаммен қарым-қатынас орнату сол шаңырақтағы балалардың өміріне де әсер ететінін айтты.
"Өмірімнің келесі кезеңін бастамас бұрын, еліміздегі барлық бойдақ қыз-жігіттерге немесе ажырасқан адамдарға біреудің отбасының бақытына, тыныштығына, берекесіне, балалардың тәтті, алаңсыз балалық шағы мен қауіпсіздігіне қол сұғатын ұры болмайық деп айтқым келеді", – деді Назира Байырбек.
Оның пікірінше, некедегі адаммен кездесіп, отбасының бұзылуына себеп болуды ұрлықпен теңеуге болады.
"Менің ұғымымда, некедегі адаммен кездесіп, оның шаңырағының бұзылуына себеп болу – ұрлықпен тең. Өйткені сіз некедегі адаммен кездескен кезде, сол отбасындағы әйелдің немесе ер азаматтың бақытына, балалардың қауіпсіздігіне, несібесіне, тыныштығына, алаңсыз балалық шағына қол сұғасыз", – деді журналист.
Бейнежазбаға қоса жариялаған мәтінінде де ол отбасы құндылығын сақтау туралы ойын жалғастырған. Назира әр шаңырақтағы балалардың алаңсыз өсуіне қоғам болып үлес қосуға шақырды.
"Бар шаңырақтар сақталсын! Біз тілекші болайық", – деп жазды ол.
Бұған дейін не айтқан еді?
Бұған дейін Malim.kz жазғандай, Назира Байырбек қыркүйек айында жеке өміріне қатысты жазба жариялап, неке адалдығы туралы пікір білдірген. Ол әйел адамның опасыздықты кешіруге міндетті емес екенін айтып, өзін құрметтеу мен жеке шекарасын сақтаудың маңызына тоқталған.
Сол жазбасында журналист жаз бойы ескі үйге жөндеу жүргізіп, күйеуіне тосынсый жасағысы келгенін де баяндаған. Алайда кейін жеке өміріне байланысты көңілі қалғанын аңғартқан. Бұл – Назира Байырбектің өзі жариялаған мәлімдемелер.
Қазіргі бейнеүндеуінде ол бұрынғы жұбайының атын атамаған және ажырасу ісінің өзге егжей-тегжейін ашып айтпаған.
Жазира Байырбековаға қандай туыстығы бар?
Назира Байырбек – әнші Жазира Байырбекованың туған сіңлісі, мамандығы журналист. Бұған дейін ол әлеуметтік желідегі жазбасында Жазираны әпкесі, ал оның жұбайы Жанболат Ербатыровты жездесі деп атап, олардың өзіне көрсеткен қамқорлығы туралы бөліскен. Бұл туралы Malim.kz материалында да жазылған.