Танымал әнші Жеңіс Ысқақова ер әріптестерінің өзін қалай атайтынын айтып, отбасылық өмірінен сыр шертті, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдарламаға қонақ болған өнер иесі әріптестерімен арадағы әзіл-қалжың туралы әңгімеледі. Әншінің айтуынша, өзінен кейінгі буынның ер әншілері оны "братан" деп атайды. Осыны айтқан Жеңіс Ысқақова жұрттың өзі туралы не ойлауы мүмкін екенін де қалжыңға айналдырды.
"Еркек пе, әйел ме дейтін шығар. Неге дейсің ғой, өйткені өзімнен кейінгі әріптестерім Сейфуллин, Мұқасан, Жұбаныш бар. Олардың бәрі мені "братан" дейді да, сосын шатасады", – деді әнші.
Сұхбат барысында өнер иесі отбасылық өміріне де тоқталды. Ол жұбайымен 33 жылдан бері бірге тұрып келе жатқанын айтып, күйеуінің спортшы екенін атап өтті.
"33 жылдан бері бір адаммен тұрып жатырмын", – деді Жеңіс Ысқақова.
Осылайша әнші сахнадағы әріптестерімен қарым-қатынасын әзілмен жеткізіп, ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан жұбайы туралы да бөлісті.
Жеңіс Ысқақова кім?
Жеңіс Ермағанбетқызы Ысқақова – қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1966 жылғы 9 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1984 жылы аудандық мәдениет үйінде бастап, композитор Рамазан Тайманов құрған ансамбльде солист болған.
Әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк оқу орнында білім алып, Қазақстанның халық әртісі, профессор Лаки Кесоглудың сыныбын бітірген. Дауыс түрі – меццо-сопрано.
1987 жылы Юрмаладағы Бүкілодақтық эстрада орындаушылары байқауында "Көрермендер көзайымы" аталымымен марапатталған. Сол жылы "Жаңа есім" байқауының лауреаты атанып, Мәскеуде өткен "Виват, Виктория" халықаралық конкурсының бас жүлдесін иеленген. 2005 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді. Репертуарында "Сыр сұлуы", "Аяла сен мені", "Сүйе білу" секілді әндер бар.