Құны 760 мың доллардан асатын гауһар тасты сырғаларды ұрлап, кейін айғақты жасыру үшін жұтып қойған ер адам кінәлі деп танылды. Оған қатысты жаза желтоқсанда тағайындалмақ. Бұл туралы ABC News басылымына сілтеме жасап, Malim.kz хабарлайды.
Оқиға 2025 жылғы ақпанда болған. Ер адам қымбат әшекейлер сататын дүкенге келіп, өзін кәсіби баскетболшының өкілі ретінде таныстырған. Спортшының атынан зергерлік бұйымдар сатып алғысы келетінін айтып, сатушылардың сеніміне кірген.
Алайда әшекейлерді көріп болған соң, оларды алып қашуға әрекеттенген. Прокуратура мәліметінше, ол жолын бөгеген қызметкерге күш қолданған. Алып кетпек болған сақинасы дүкенде қалғанымен, сырғаларды өзімен бірге әкеткен.
Кейін ұсталған ер адам ұрланған сырғаларды жұтып, айғақты жасыруға тырысқан. Бірақ денесін сканерлеу кезінде ішіндегі бөгде заттар анықталған.
Әшекейлерді қайтарып алу үшін мамандар оны екі аптаға жуық бақылауда ұстаған. Сырғалар ағзасынан шыққаннан кейін тазартылып, зергерге көрсетілген. Бұйымдардағы нөмірлер олардың дәл сол дүкеннен ұрланғанын растаған.
2026 жылғы 22 қазанда алқабилер ер адамды тонау және ірі көлемдегі ұрлық бойынша кінәлі деп таныған.