Екі жасар баланың түн сайын шошып оянып, ұшақ апаты туралы айта беруі ата-анасын алаңдатқан. Кейін оның әңгімесіндегі кейбір есімдер мен деректердің ондаған жыл бұрын қаза тапқан ұшқыштың өмірімен сәйкес келетіні анықталған. Бұл ерекше оқиға туралы Malim.kz тілшісі ABC News материалына сүйеніп баяндайды.
Алғашында ата-анасы баласының көргенін кәдімгі қорқынышты түс деп қабылдаған. Олардың айтуынша, ұлы кішкентайынан ұшақтарға әуес болып, көбіне солармен ойнаған. Бірақ екі жасқа келгенде түнгі ұйқысы бұзылып, бір көрініс қайта-қайта мазалай бастаған.
Анасының әңгімелеуінше, бала түсінде жанып жатқан ұшақты көретінін, оның ішіндегі адамның сыртқа шыға алмай қалғанын айтқан. Уақыт өте бұл әңгімеге ата-анасы күтпеген жаңа мәліметтер қосылған.
Баланың әжесі мұны "бұрынғы өмірдің естелігі болуы мүмкін" деп жорамалдаған. Әуелде мұндай түсінікке сенбеген ата-анасы кейін ұлының айтқандарын тексеруге кіріскен.
Ерекше жағдайды зерттеген психиатр Джим Такердің мақаласында бала атаған деректердің арасында ұшақ тасығыш кеменің атауы, бір адамның аты-жөні және апатқа қатысты мәліметтер болғаны жазылған.
Ізденіс барысында ата-анасы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан ұшқыш туралы деректерге кезіккен. Зерттеуші баланың әңгімесі мен сол ұшқыштың өмірінде бірқатар сәйкестік бар екенін сипаттаған. Оның айтуынша, ұшқыштың кім екені анықталмай тұрып жазылып алынған кейбір мәліметтер де сақталған.
Осы оқиға кейін жеке зерттеуге арқау болып, 2016 жылы ғылыми журналда жарияланған. Алайда мақаланың жарық көруі баланың шынымен "бұрын өмір сүргенін" дәлелдемейді. Бұл – отбасының әңгімелері мен зерттеуші салыстырған деректерге негізделген жағдай. Сәйкестіктердің қалай пайда болғаны туралы түпкілікті ортақ тұжырым жоқ.