"Өнер қырандары" театрының актері Жанболат Найзабек әріптесі Мадияр Серікбаевтың анасынан айырылған сәтін еске алды. Оның айтуынша, қаралы хабар Мадияр сахнада өнер көрсетіп жатқанда жеткен. Алайда ұжым алдағы қойылымдарды ескеріп, анасының дүниеден өткенін оған бірден айтпаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Жанболаттың сөзінше, бұл жағдай театрдың гастрольдік сапары кезінде болған. Сол күні Мадияр сахнада анасының басына келген баланың рөлін сомдап тұрған. Әріптесі өз рөлін ойнап жатқанда, Жанболаттың телефонына оның әпкесі қоңырау шалған. Ол аналарының қайтыс болғанын хабарлаған.
"Мадиярдың анасы сахнада ойнап жатқанда қайтыс болып кетті. Мадияр сахнада анасының басына келіп тұрған баланы ойнап жатыр. Мына жақта менің телефоным шырылдап жатыр. Мәкеңнің әпкесі хабарласып жатыр. Телефонды көтерем, "Мамадан айырылып қалдық" дейді ғой", – деп еске алды әртіс.
Жанболаттың айтуынша, сол уақытта алғашқы қойылым өтіп жатқан. Бағдарлама бойынша бұдан кейін тағы екі сеанс жоспарланған екен. Ұжым хабарды бірден айтса, Мадиярдың әрі қарай өнер көрсетуге шамасы келмейтінін түсінген.
Сондықтан актерлер ауыр хабарды қойылымдар аяқталғанша жеткізбеуге шешім қабылдаған. Әріптестеріне оңай тимесе де, олар Мадиярмен бірге сахнаға шығып, бағдарламаны жалғастырған.
"Ол бірінші сеанс, әлі екі сеанс бар. Екі сеанс бойы айтпадық оған. Бәрі біткен соң гримеркаға бәріміз кіріп келіп едік, "Қойшы" деді", – дейді Жанболат.
Барлық қойылым біткеннен кейін ғана театр мүшелері грим бөлмесіне бірге кірген. Мадиярға анасының өмірден өткенін сол жерде жеткізген.
Жанболат сол кездегі шешімдері үшін өздерін кінәлі сезінетінін де жасырмады. Оның түсіндіруінше, ұжым бір жағынан әріптесінің жағдайын, екінші жағынан билет алып, концертке жиналған көрерменді ойлаған. Алда әлі көпшілік күтіп отырғандықтан, қойылымдарды тоқтатпауға ұйғарған.
"Кінәліміз айтпағанымыз үшін. Бірақ жиналған халықты ойладық. 700 адам келіп отыр. Концерт бермеген әлі 1200 адам болды. Бірден айтсақ, болды ғой, ол әрі қарай ойнай алмайды ғой", – деді ол.
Анасынан айырылғаннан кейін Мадияр гастрольдік сапарларға біраз уақыт қатыса алмаған. Театр өзге қалалардағы жоспарланған қойылымдарын онсыз жалғастырған.
Осы кезеңде оның сахнадағы рөлдерін Жанболат өз мойнына алғанын айтты. Ұжым бағдарламаны әріптесінің қатысуынсыз өткізуге бейімделген.
"Содан кейін басқа қалаларда Мәкеңсіз ойнадық. Мадиярдың рөлдерінің бәрі маған берілді", – деп толықтырды Жанболат Найзабек.
Жанболат Найзабек кім?
Жанболат Найзабеков – қазақстандық актер, әзілкеш және продюсер. Көпшілікке «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрындағы қойылымдары арқылы танылған. Ол ұзақ жылдар бойы театр құрамында өнер көрсетіп, түрлі сахналық образдарды сомдады. Кейін шығармашылығын кино саласында жалғастырып, актерлікпен қатар продюсерлік жұмысты да қолға алды. Оның қатысуымен "ТойХана", "Ажырасам", "Болған оқиға" секілді фильмдер жарық көрген.
Өнер иесінің фильмографиясында комедиялық және драмалық туындылар бар. Соның ішінде "Болған оқиға" фильмінің жалғасына да түскен. Жанболат сұхбаттарында сахна сыртындағы өмірі, шығармашылық ізденістері мен басынан өткен оқиғалары туралы ашық әңгімелеп жүр.