Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Астанада 17 жастағы студент қыз жеке деректері тарап, қорқытуға ұшырағанын айтты

Қоғам •
Астанада 17 жастағы студент қыз жеке деректері тарап, қорқытуға ұшырағанын айтты
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Астанада 17 жастағы студент қыз бұрынғы топтастары тарапынан қысым көргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, оқуға байланысты жанжалдан кейін жеке суреттері, телефон нөмірі мен әлеуметтік желідегі аккаунттары Telegram-арналарға таратылған. Осыдан соң оған бейтаныс ер адамдар хабарласып, кейбірі қорқыта бастаған. Бұл туралы Qaz365.kz басылымына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.

Жанжал оқуға байланысты басталған

Студент қыз басынан өткен жағдайды Threads әлеуметтік желісінде жазған. Оның сөзінше, жанжал 19 қазанда оқу орнында басталған.

Қыздың айтуынша, оқытушы студенттердің бірінің өзі туралы балағат сөздер айтқанын білген. Мәселені талқылау кезінде ол тапсырманы қай уақытта өткізгенін растау үшін скриншот көрсеткен.

Осыдан кейін, студенттің мәлімдеуінше, бұрынғы екі құрбысы оның телефонын күштеп тартып алуға тырысып, жеке хаттарын көрсетуді талап еткен.

"Мен бас тарттым. Өйткені жеке өмірім мен хат-хабарларымның құпиялығын сақтауға құқығым бар деп санаймын", – деді студент қыз.

Қыз жанжалдың оқу ғимаратынан тыс жерде де жалғасқанын айтады. Оның сөзінше, студенттердің бірі кеудесінен бірнеше рет қатты итерген. Осыдан кейін жағдайы нашарлап, медициналық көмекке жүгінген.

Ол оқиғаны өзге студенттер көргенімен, ешкім араша түспегенін жеткізген.

Жеке деректері желіге тарағанын мәлімдеді

Студенттің айтуынша, кейін оқу орнының әкімшілігі жанжалды талқылаған. Алайда ол өзінің ұстанымы ескерілмеді деп есептейді. Сондай-ақ қыз болжамды оқиғаның бейнежазбасы өзінде жоқ екенін айтқан.

28 қазаннан бастап оған бейтаныс адамдар хабарласа бастаған. Қыздың мәлімдеуінше, олар оның аты-жөнін, телефон нөмірін және анасы туралы кейбір мәліметтерді білген.

Кейін ол суреттері мен жеке деректерінің Telegram-арналарда жарияланғанын анықтағанын жазған. Оның айтуынша, жарияланымдар қорлайтын және беделіне нұқсан келтіретін сөздермен бірге тараған. Бейтаныс ер адамдардан хабарламалар мен қорқытулар түскен соң, ол өзінің қауіпсіздігіне алаңдай бастаған.

Полиция тексеру жүргізіп жатыр

Қыздың анасы құқық қорғаушы Ләззат Рақишевадан көмек сұраған. Құқық қорғаушының мәліметінше, отбасына кеңес беріліп, кәмелетке толмаған қыздың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында балалар омбудсменіне ресми өтініш жолданған. Анасы полицияға да арыз жазған.

Астананың Сарайшық аудандық полиция басқармасы оқиға туралы ақпараттың тіркелгенін растаған. Қазір барлық мән-жайды анықтау бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысына сәйкес құқықтық баға беріледі.

Дереккөз материалы жарияланған кезде тексерудің түпкілікті нәтижесі хабарланбаған. Студент қыздың айтқан деректерін құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу