Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Алғашқы тәжден бүгінгі дауға дейін: "Қазақ арулары" кімдер?

Шоу-бизнес •
Алғашқы тәжден бүгінгі дауға дейін: "Қазақ арулары" кімдер?
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

"Қазақ аруы – 2026" байқауы аяқталғанымен, оның айналасындағы талқылау басылар емес. Бірі жеңімпазды қолдаса, енді бірі байқаудың мазмұны мен атауына сын айтып жатыр. Осы орайда Malim.kz жоба тарихына шолу жасап, әр жылдары "Қазақ аруы" атанған бойжеткендерді еске алды.

"Қазақ аруы" қалай пайда болды?

"Қазақ аруы" жобасы продюсер Баян Алагөзованың бастамасымен 2011 жылы ұйымдастырыла бастады. Байқауды оның BM Production продюсерлік орталығы өткізеді. Жоба аясында қатысушылардың сыртқы келбетімен бірге қазақ тілін меңгеруі, ұлттық салт-дәстүрді білуі, білімі мен өнері бағаланады. Әр жылдары бағдарламаға шығармашылық сайыс, сұрақ-жауап және отандық дизайнерлердің киімдерін таныстыру кезеңдері енгізілген.

Жылдар өте байқаудың ауқымы кеңейді. Мәселен, 2018 жылы оған Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстанда тұратын этникалық қазақ қыздары да қатысты. Ал соңғы маусымдарда жеңімпазды анықтауда көрермендердің онлайн дауысы шешуші рөл атқарып келеді.

2011 жыл. Ләззат Қалдыбекова

Жобаның алғашқы жеңімпазы – Ләззат Қалдыбекова. Байқаудан кейін ол актерлік бағытта танылды. 2017 жылы жарияланған шолуда оның Мұхтар Әуезов атындағы театрда актриса болып еңбек еткені жазылған.

2012 жыл. Айғаным Өтепбергенова

Екінші маусымда тәж Айғаным Өтепбергеноваға бұйырды. Кейін Айғаным Самбай тегімен танылған жеңімпаз би өнерімен айналысып, "Эйфория" шоу-балетіне жетекшілік еткен. Байқаудан кейін продюсерлікке де бет бұрған.

2013 жыл. Әйгерім Қанатбаева

2013 жылы "Қазақ аруы" атағын Әйгерім Қанатбаева иеленді. Байқау кезіндегі ақпаратқа сәйкес, ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде экономика мамандығында оқыған. Кейінгі шолуларда оның өз мамандығы бойынша еңбек етуді таңдағаны жазылды.

2014 жыл. Гүлназ Жоланова

2014 жылғы жеңімпаз – Гүлназ Жоланова. Байқаудан кейін ол киноға түсіп, актриса ретінде танылды. Оның шығармашылық жолында "Бизнес по-казахски в Америке" фильмінің түсіріліміне қатысуы да бар.

2015 жыл. Кәмшат Қоскелова

2015 жылы бас жүлдені Қарағанды облысының тумасы Кәмшат Қоскелова жеңіп алды. Сол жылғы байқауда 22 қатысушы бақ сынаған. Кәмшаттың сол кезеңдегі мақсаты туризм саласында кәсіби білім алу болған.

2016 жыл. Әлмира Ахатова

Келесі жылы "Қазақ аруы" атағы атыраулық Әлмира Ахатоваға берілді. Жеңімпазға тәжбен бірге дизайнер Аида Кауменованың көйлегі табысталған. Кейін ол бейнебаянға түсіп, шығармашылық жобаларға қатысқан.

2017 жыл. Нұргүл Асанова

2017 жылғы байқаудың жеңімпазы – Нұргүл Асанова. Сол жылы жарық көрген материалда оның модельдік және актерлік бағытта жұмыс істеп, "КешYou" тобының бейнебаянына түскені айтылған.

2018 жыл. Нәбира Рахымжан

2018 жылы тәж Ақтау қаласының өкілі Нәбира Рахымжанға бұйырды. Жеңіске жеткен кезде ол 20 жаста болған және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінде төртінші курста оқыған.

Нәбира байқаудан кейін берген сұхбатында оқуын аяқтап, магистратураға түсуді, болашақта студенттерге тарихтан сабақ беруді жоспарлағанын айтқан. Бала кезінен домбыра тартатын бойжеткен шығармашылық кезеңде де өнер көрсеткен.

2019 жыл. Сәния Темірханова

2019 жылы Астанада өткен финалда Павлодар облысының өкілі Сәния Темірханова жеңімпаз атанды.

Сол жылғы бағдарлама шығармашылық, зияткерлік және сән көрсету кезеңдерінен тұрды. Сәния шығармашылық сайыста тағы бір қатысушымен бірге Абай мен Мұқағали өлеңдерін оқудан бақ сынаған.

2020 жыл. Нарқыз Айдарова

2020 жылғы "Қазақ аруы" атағын Алматы облысының 20 жастағы өкілі Нарқыз Айдарова иеленді. Алматыдағы Республика сарайында өткен оныншы байқауға 19 бойжеткен қатысты.

Нарқыз шығармашылық кезеңде Абайдың "Айттым сәлем, Қаламқас" әнін орындаған. Оған тәжді алдыңғы жылғы жеңімпаз Сәния Темірханова табыстады.

2021 жыл. Аружан Аманжолова

2021 жылы бас жүлде ақтөбелік Аружан Аманжоловаға берілді. Байқауда жеңіске жеткен кезде ол 22 жаста болған.

Аружанның сол уақытта теледидарда жұмыс істеп, "Қайырлы таң, Ақтөбе!" бағдарламасын жүргізгені хабарланды. Осылайша, бұл маусымда тәж тележүргізушіге бұйырды.

2022 жыл. Аружан Бекболат

2022 жылғы жеңімпаз – Аружан Бекболат. Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы мектеп-лицейдің түлегі кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған.

Байқаудан соң оған сұхбаттарға, концерттерге және киноға түсуге ұсыныстар түсе бастаған. Аружан "Рауза" сериалының үшінші маусымында Сакура рөлін сомдап, кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтеретін "Жауап бер" фильмінде басты рөлдердің бірін ойнады.

2024 жыл. Ақкербез Ысқаққызы

2024 жылы Қызылорда облысының тумасы, 17 жастағы Ақкербез Ысқаққызы жеңімпаз атанды. Оған тәжді "Қазақ аруы – 2022" Аружан Бекболат кигізді. Алғашқы жарияланған нәтижеде Ақкербез көрермен дауысының 30,04 пайызын жинаған.

Бұл маусым дауыс беру жүйесіндегі ақаумен есте қалды. Баян Алагөзова техникалық мәселе туындағанын мәлімдеп, дауыс беруді қайта ұйымдастыруға шешім қабылдаған. Қайта дауыс беру қорытындысында Ақкербез жеңімпаз атағын сақтап қалды.

Бұған дейін Malim.kz Ақкербез Ысқаққызының балуан Әкежанға ұзатылғаны туралы жазған еді. Бұл жаңалық 2026 жылғы қазанда жарияланды.

2025 жыл. Дәрия Қуатжан

2025 жылы тәж Талдықорған қаласының өкілі Дәрия Қуатжанға бұйырды. Ол көрермендердің 26 376 дауысын жинаған. Екінші орын алған Диана Қырымға 13 160 адам дауыс берген.

Дәрия келесі маусымда байқауға сән саласының өкілі ретінде де оралды. 2026 жылғы кештің дефиле кезеңінде оның сән үйінің көйлектері көрсетілді.

2026 жыл. Асылым Өтепберген

2026 жылғы 3 қарашада Алматыдағы Республика сарайында өткен байқауда 20 жастағы Асылым Өтепберген жеңімпаз атанды. Ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті, әлеуметтік желіде блог жүргізеді.

Биыл 22 қатысушының арасынан жеңімпаз онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Асылым 17 164 дауыс жинады. Екінші орын қостанайлық Әйгерім Қайпенге, үшінші орын шымкенттік Сымбат Әбубәкірге бұйырды.

Кеш "Қыз Жібек" фильміне және оның басты кейіпкерін сомдаған Меруерт Өтекешоваға арналды. Қатысушылар "Қыз Жібек" қойылымын сахналап, ұлттық киімдермен өнер көрсетті. Жеңімпазға Аида Кауменованың сән үйінде тігілген шапан мен шетелге саяхат жолдамасы берілді.

Биылғы байқау неге талқыланып жатыр?

Нәтижелер жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде қатысушылардың жауаптары мен жеңімпазды таңдау жөнінде пікірталас туды. Талқыланған үзінділердің бірінде қатысушы Баян Алагөзованы бұрынғы Есентаева тегімен атаған.

Байқауға сын айтқандардың қатарында спортшы Қуат Хамитов та бар. Ол атаудағы "Қазақ" сөзі бүкіл ұлтқа қатысты екенін алға тартып, жобаның атын "Баян аруы" деп өзгертуді ұсынған. Бұл – спортшының жеке пікірі.

Байқау төңірегіндегі пікірталас биыл ғана туындаған жоқ. 2024 жылы дауыс беру жүйесі қайта іске қосылса, 2025 жылы финал кезінде дауыс беруге арналған сайтқа кіру қиындағаны хабарланған. Осы оқиғалар жобадағы бағалау мен дауыс беру тәртібіне қатысты сұрақтардың бірнеше маусым бойы көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу