Алматыда Хэллоуин кезінде полиция қызметкерін видеоға түсіріп, оның киіміне қатысты сұрақ қойған әйелге 129 750 теңге айыппұл салынды, деп Malim.kz тілшісі HALYQSTAN Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 31 қазан күні кешке Арбатта болған. Сол уақытта учаскелік инспектор қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген. Әйел оған камерасын бағыттап, қандай костюм киіп алғанын сұраған.
Кейін оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланған. Полиция жазба авторының кім екенін анықтаған. Ол Алматының 47 жастағы тұрғыны болып шыққан.
Әйелге қатысты әкімшілік іс сотта қаралып, оған 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалған. Бұл – 129 750 теңге.
Полицияның түсіндіруінше, әйелдің әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабының бірінші бөлігі бойынша бағаланған. Ведомство қызметтік міндетін атқарып жүрген полицейге қатысты арандатушылық пен құрметсіздік таныту, соның ішінде мұндай әрекеттерді әлеуметтік желіде жариялау жауапкершілікке әкелетінін ескерткен.