Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған "Философия. Этика. Болашақ" атты халықаралық симпозиумға қатысқан Вице-Президент Ерлан Қарин тұлғаларды дәріптеу туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
"Президентіміздің Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Абай мұраларын дәріптеуге ерекше назар аударуында үлкен мән жатыр. Өйткені, үшеуі де – біз үшін темірқазық тұлғалар. Сол себепті, олардың есімдерін ғана емес, еңбектерін де насихаттауға айрықша көңіл бөлінген. Ұлы тұлғаларды мерейтой қарсаңында ғана еске алу немесе олардың еңбегін белгілі бір датаның аясында дәріптеу – дұрыс емес. Ондай "мерейтойлық" әдістен кету керек. Ғылыми мұра үздіксіз зерттеліп, тың деректермен толығып, жаңа буынға кеңінен түсіндіріліп отыруға тиіс. Осылайша, біз ұлы ойшылдардың еңбегін музейдегі жәдігер ретінде емес, қазіргі қоғамның мінез-құлқына, құндылықтарына, білім беру мен тәрбие ісіне әсер ететін нақты идеялар ретінде қарастыруға ұмтылып отырмыз", – деді Ерлан Қарин.
Вице-Президенттің пікірінше, Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградалар қатарына "Әл-Фараби" және "Қожа Ахмет Ясауи" ордендерінің қосылуы да – осы саясаттың қисынды жалғасы.
"Бұл шешім ұлы тұлғалардың атын ұлықтаумен қатар, білім мен ғылымға, мәдениет пен руханиятқа қызмет етуді – қоғамдағы ең жоғары құндылық ретінде орнықтыруды көздейді", – деді Вице-Президент.