Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Үйде басқаша атайтынмын": Меруерт Өтекешова жұбайына қатысты сырын бөлісті

Шоу-бизнес •
"Үйде басқаша атайтынмын": Меруерт Өтекешова жұбайына қатысты сырын бөлісті
Фото-коллаж: malim.kz/ ЖИ арқылы өңделген

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова өмірлік жары Құман Тастанбековті көпшілік алдында неліктен "аға" деп атағанын түсіндірді. Актриса "Қыз Жібек" фильмінің түсірілімін, өнердегі алғашқы қадамын және қазақ мәдениетінің ірі тұлғаларынан алған тәлімін еске алды, деп Malim.kz тілшісі Айқын басылымына⁠ сілтеме жасап хабарлайды.

Меруерт Өтекешова Атырауда драматург Рақымжан Отарбаевтың рухына арналған халықаралық театр фестиваліне құрметті қонақ ретінде барған. Осы сапарында басылымға сұхбат берген өнер иесі экрандағы Жібектің мінезінен бастап, өзінің өмірлік ұстанымдарына дейін әңгімелеген.

Көрермен үшін Төлеген мен Жібек болып қалған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың тағдыры да осы фильм арқылы тоғысты. Алайда актрисаның айтуынша, түсірілім кезінде олардың арасында ғашықтық сезім болмаған. Екеуі ең алдымен өздеріне сеніп тапсырылған кейіпкерлердің махаббатын көрерменге шынайы жеткізуге күш салған.

"Мен үшін дүниедегі ең сұлу адам – әкем. Одан кейін Құман аға"

Меруерт Өтекешова жұбайын еске алғанда оның келбетінен бұрын адамгершілігін, ішкі мәдениеті мен жан дүниесін ерекше атады. Актрисаның сөзінен өмірлік серігіне деген құрметі әлі де анық сезіледі.

"Құман аға өнерде ғана емес, өмірде де жаны сұлу адам еді. Мен үшін дүниедегі ең сұлу адам – әкем. Одан кейін Құман аға деп айтар едім. Оның адамгершілігі, ішкі мәдениеті, болмысы ерекше болатын.

Кино түсірілімінде бір-бірімізге ғашық болмасақ та, экран арқылы ғашық жандардың сезімін шынайы жеткізуге тырыстық. Актердің міндеті де – өзі сезінбеген дүниені кейіпкердің жан дүниесі арқылы көрерменге сенімді етіп жеткізу. Бұл үшін рөлді сырттай сомдау жеткіліксіз. Кейіпкердің ішкі әлеміне еніп, оның қуанышы мен қайғысын, арманын түсінуің керек", – деді актриса.

Олардың шығармашылық өмірін байланыстырған тағы бір орта – Мұхтар Әуезов атындағы театр. Екеуі де осы сахнада еңбек етіп, кәсіби тұрғыдан өсті. Меруерт Өтекешова үшін бұл театрдың орны тек өнердегі жетістіктерімен өлшенбейді: өмірінің талай маңызды кезеңі де осы ортамен сабақтас.

"Құман аға екеуміздің шығармашылық жолымызда Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының да орны ерекше. Бұл театр екеуміз үшін үлкен мектеп болды. Өміріміздің талай белесі осы сахнамен байланысты өтті.

Мен Құман ағаны көпшіліктің алдында әрдайым құрметпен "аға" деп атаймын. Үйде басқаша атайтынмын. Бірақ ел алдында ол кісінің орны бөлек екенін әрдайым сезінемін. Қадірін білемін, ерекше құрметтеймін", – деп бөлісті ол.

Мектептен кейін бірден үлкен киноға келген

Меруерт Өтекешованың өнердегі жолы кәсіби оқу орнынан емес, үлкен киноның түсірілім алаңынан басталды. Ол 1968 жылы Алматыдағы №66 мектепті бітіргеннен кейін "Қыз Жібек" фильмінің басты рөліне шақырту алған.

Бүгінде бірнеше буын көрермен сүйіп көретін туындыға түсу ол кезде оңай болмаған. Жібекті сомдайтын актрисаны таңдауға да үлкен жауапкершілікпен қараған. Үміткерлердің сырт келбетімен қатар, камера алдындағы болмысы, кейіпкердің сезімін жеткізе білуі ескерілген.

"Ол кезеңде үлкен экранға кино шығару бүгінгідей оңай болған жоқ. Әрбір туындыға үлкен дайындықпен келіп, әр рөлге лайықты актерді іздейтін.

"Қыз Жібек" фильмінің кастингіне көптеген қыз қатысты. Ол кезде өте талантты актрисалар көп еді. Кез келген рөлді алып шығатын, сахнада да, экранда да өзіндік болмысы бар өнер иелері болды. Бірінен-бірі өткен сұлу қыздар да аз емес", – деп еске алды Меруерт Өтекешова.

Актриса өнерде сұлулықтың өзі жеткіліксіз екенін айтады. Әдемі келбеттің ар жағында кейіпкерді түсінетін сезім, білім мен қабілет болуы керек. Оның түсіндіруінше, адамның өмірдегі көркі мен экрандағы тартымдылығы әрдайым бірдей бола бермейді.

"Қазақтың қыздары қазір де ерекше әдемі. Бірақ актерлік өнерде сыртқы сұлулықтың өзі жеткіліксіз. Адамның білімі, ішкі сезімі, таланты, кейіпкердің жан дүниесін түсіне білуі маңызды. Экранға түскенде адамның шынайы болмысы ашылады. Өйткені кино түсіретін ортада "камера сүйетін адам" деген түсінік бар. Кейде өмірде өте сұлу адам камера алдында сол сұлулығын көрсете алмауы мүмкін. Ал кейбір адамның жан дүниесіндегі ерекшелік экраннан бірден байқалады.

Іріктеуден өткеннен кейін бізді камераға түсіріп, жан-жақты тексерді. Көркемдік кеңестің бекітуінен өту де оңай болған жоқ. Ақыры рұқсат беріліп, фильмге түсу бақыты бұйырды", – деді ол.

Жас Меруерт сол кезде бұл рөлдің өз тағдырына қаншалықты ықпал ететінін толық сезіне қоймаған. Алдында ұзақ шығармашылық жол тұрғанын да, Жібек есімі өз атымен қатар аталатынын да білген жоқ.

"Ол кезде киноның менің өміріме осындай үлкен өзгеріс әкелетінін толық түсіндім деп айта алмаймын. Жас болдым. Алдымда қандай жол күтіп тұрғанын білмедім. Бірақ сол фильм менің бүкіл өнер жолыма ықпал еткен ерекше мектепке айналды", – деп жеткізді актриса.

Арнайы білімі болмаса да, жанында өнердің алыптары жүрді

Ауқымды тарихи туындыда басты рөлді сомдау жас актрисаға үлкен жауапкершілік жүктеген. Өйткені ол кезде Меруерт Өтекешова актерлік мамандық бойынша білім алып үлгермеген еді. Кәсіби дайындықтың орнын толтыруға түсірілімдегі тәжірибе мен аға буын өнерпаздардың қолдауы көмектескен.

"Әрине, қиындық болды. Жалпы, актриса болу үшін кемінде төрт жыл білім алу керек. Ал мен үлкен көркем фильмге арнайы актерлік оқу орнын бітірмей тұрып түстім.

Бірақ менің жанымда қазақтың керемет актрисасы Фарида Шәріпова, бір өзі бір мектеп Асанәлі Әшімов, тума талант Кененбай Қожабеков сынды қазақ өнерінің алыптары болды. Олардың әрқайсысы – өз алдына үлкен тұлға, үлкен мектеп. Сол кісілермен бірге жұмыс істеудің өзі маған мол тәжірибе берді", – деді өнер иесі.

Меруерт Өтекешова тәжірибелі актерлердің рөлге қалай дайындалатынын, кейіпкерін қалай зерттейтінін бақылап үйренген. Түсірілім алаңындағы күнделікті еңбек оған актерлік өнердің сырт көзге байқала бермейтін қырларын танытқан.

"Осындай өнер иелерінің қасында жүріп, олардың кейіпкерге қалай қарайтынын, рөлді қалай зерттейтінін, әр көрініске қалай дайындалатынын көрдік. Көп нәрсені солардан үйрендік.

Кейде адамға біліммен қатар жақсы орта да қажет. Өйткені нағыз шеберлердің жанында жүрсең, олардың еңбекке деген көзқарасы саған да жұғады. Олардан алған қуат пен тәжірибе кейінгі өмірімде үлкен тірек болды", – деп атап өтті актриса.

"Олардың жанында жүріп жұмыс істеу – өз алдына бір университет"

Киноға түскеннен кейін Меруерт Өтекешова кәсіби білім алуға ден қойған. Ол өнердегі алғашқы тәжірибесін теориямен толықтырып, актерлік шеберлігін жетілдіру қажет екенін түсінген.

"Кино түсірілімі аяқталғаннан кейін 1969-1973 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік өнер институтының театр факультетін бітірдім. Актерлік өнерді терең меңгеру үшін білім мен тәжірибе қажет екенін түсіндім. Менің ұстаздарымның қатарында қазақ театрының көрнекті өкілдері болды. Солардың бірі – КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкеева. Ол кісіден тәлім алу мен үшін үлкен мәртебе еді. Хадиша апайдың өнері мен ұстаздық өнегесі бізге көп нәрсе үйретті", – деді Меруерт Өтекешова.

Ол кәсіби сахнаға дейін бағыт берген ұстаздарын да ұмытпаған. Адамның өнерге көзқарасын қалыптастыруға кейде мектептегі мұғалімінің бір сөзі де әсер етуі мүмкін екенін айтты.

"Мектеп жасымда Анна Дмитриевна деген ұстазым болды. Оны да ешқашан ұмытпаймын. Адамның өмір жолында із қалдыратын жандар болады. Кейде олардың бірауыз сөзі, берген бағыты немесе өнерге деген көзқарасы кейінгі тағдырыңа әсер етеді.

Кино әлеміне тау тұлға Сұлтан Қожықов сияқты шеберлердің еңбегі арқылы келдік. Театрға келгенде де мықты режиссерлерден тәлім алдық. Солардың әрқайсысы бізге өнердің жауапкершілігін, сахна мәдениетін, кейіпкерге деген құрметті үйретті.

Мен өзімді өте бақытты адаммын деп санаймын. Өйткені өнерге келген кезімде айналамда қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары жүрді. Олардың жанында жүріп жұмыс істеу – өз алдына бір университет", – деп бөлісті актриса.

Париждегі көрермен қалай қабылдады?

Сұхбатта Меруерт Өтекешова "Қыз Жібек" фильмінің Францияда көрсетілгенін де еске алды. Ұлттық болмысы айқын туындыны өзге мәдениет өкілдері қалай қабылдайды деген алаңдаушылық болғанын жасырмады.

Көрсетілім режиссер Сұлтан Қожықовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Париж жұртшылығына фильмнің екі бөлімнен тұратын толық нұсқасы қазақ тілінде ұсынылған.

"Фильмнің режиссері Сұлтан Қожықов 2023 жылы 100 жылдығын атап өтер еді. "Қыз Жібек" фильмінің Парижде қазақ тілінде көрсетілуі де осы тарихи датаға арналды. Фильм екі бөлімнен тұратын толық нұсқасында ұсынылды. Әрине, француз көрермендері екі сағат бойы фильмді қалай қабылдар екен деген ой болды. Өйткені туындының тілі де, ұлттық бояуы да, оқиғасы да өзге мәдениет өкілдеріне бірден түсінікті болмауы мүмкін ғой", – деді ол.

Алайда көрсетілімнен кейінгі әсер актрисаның көңіліндегі күмәнді сейілткен. Көрермендер фильмді соңына дейін көріп қана қоймай, залдан асықпай шығып, алған әсерін ортаға салған.

"Бірақ көрермендер фильмді соңына дейін тамашалап, қазақтың әндерін тыңдады. Көрсетілім аяқталғаннан кейін де асықпай, өз әсерімен бөлісті. Арасында Францияда тұратын отандастарымыз да, шетелдіктер де болды. Мұның бәрі бізге ерекше қуаныш сыйлады.

Кино – халықтың мәдениетін, дүниетанымын, салт-дәстүрін танытатын үлкен өнер. "Қыз Жібек" арқылы қазақтың әні мен әсемдігі, сезімі мен мінезі өзге елдің көрерменіне жетіп жатса, бұдан артық бақыт бар ма?! Бұл – ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін көрсететін маңызды оқиға", – деп атап өтті Меруерт Өтекешова.

Жібектің сұлулығынан бөлек, батылдығын да көру керек

Меруерт Өтекешова өзі сомдаған кейіпкерді тек нәзіктік пен сұлулықтың бейнесі ретінде қабылдамайды. Оның түсінігіндегі Жібек – өз сезіміне берік, айналасындағы адамдардың тағдырына алаңдайтын, қажет кезде батыл қадамға бара алатын жан.

Актриса әсіресе Төлеген мен Бекежан арасындағы жанжал кезінде Жібектің өзін қалай ұстағанына назар аударды.

"Өйткені Жібек тек сұлу қыз немесе ғашық болған кейіпкер ғана емес. Оның бойында қайсарлық, батылдық, адамгершілік бар. Мен үшін осы қасиеттері өте маңызды.

Фильмдегі Төлеген мен Бекежанның арасындағы жанжал кезінде Жібектің екі жақтың қантөгісіне жол бермеуге ұмтылуы – оның ішкі күшін көрсететін сәттердің бірі. Ол өз сезімін ғана ойламайды, адамдардың амандығын да ойлайды. Қауіпке қарамастан, екі батырдың арасында түсіністік орнатуға тырысады", – деді актриса.

Өнер иесі қазақ қызының бойындағы қайсарлықты сөз еткенде ел тарихындағы батыр қыздарды да мысалға келтірді. Ол нәзіктік адамның өз ұстанымынан бас тартуын білдірмейтінін жеткізді.

"Міне, қазақтың қызы қандай болуы керек дегенде, мен осындай мінезді айтар едім! Қазақтың тарихында Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сияқты батыр қыздарымыз бар. Олар Отан үшін жанын аямаған. Олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі.

Мен де өмірде адалдықты, батылдықты жоғары қоямын. Өтірік пен сатқындықты жек көремін. Адамның қандай екенін оның сөзіне қарап қана емес, ісіне қарап бағалау керек. Өйткені мінез адамның әрекетінен көрінеді.

Қазақ қызы нәзік те болсын, бірақ қажет кезде өз ойын ашық айтып, дұрыс деп санаған жолынан таймауы керек. Сұлулық пен қайсарлық бір-біріне қайшы қасиеттер емес. Адамның шынайы сұлулығы оның жан дүниесімен, тәрбиесімен, адалдығымен өлшенеді", – деді Меруерт Өтекешова.

"Қыз Жібек" неліктен көрерменін жоғалтпайды?

Арада қанша жыл өтсе де, "Қыз Жібек" көрерменге жақын туынды болып келеді. Меруерт Өтекешова мұның себебін фильмдегі ұлттық рухпен және адамға ортақ сезімдердің шынайы берілуімен байланыстырады.

Туындыдан қазақтың тұрмысын, киімін, әнін, әдет-ғұрпын көруге болады. Ал оның өзегіндегі махаббат пен адалдық, арман мен өкініш бүгінгі адамға да түсінікті.

"Бұл фильмнің өміршеңдігі оның ұлттық рухында деп ойлаймын. Мұнда қазақтың әні де, әдет-ғұрпы да, киім үлгісі де, адамдар арасындағы қарым-қатынасы да бар. Бірақ ең маңыздысы – адам сезімі. Махаббат, адалдық, арман, өкініш, адамдық қасиеттер ешқашан ескірмейді.

Уақыт өзгереді, ұрпақ ауысады. Бірақ шынайы өнердің құндылығы жоғалмайды. Жастар фильмді көргенде қазақтың бұрынғы өмірін ғана танып қоймай, кейіпкерлердің мінезі арқылы өздеріне де ой түйеді", – деді өнер иесі.

Актрисаның пайымынша, Жібектің болмысын бүгінгі қыздар да түсіне алады. Өйткені өз сезіміне адал болу, өзгенің тағдырына бейжай қарамау белгілі бір дәуірмен шектелмейді.

"Фильмдегі Жібек бейнесі бүгінгі қыздарға да жақын деп ойлаймын. Өйткені ол өз сезіміне адал, сонымен бірге айналасындағы адамдарға бейжай қарай алмайтын жан. Оның бойындағы адамгершілік пен батылдық – кез келген кезеңде маңызды қасиеттер.

Ал Париждегі көрсетілім осы ойымды тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақтың ұлттық туындысы өзге елде де көрерменнің жүрегіне жол таба алады. Ол үшін өнердің тілі шынайы болуы керек", – деп жеткізді Меруерт Өтекешова.

Жас актерлерге айтқан кеңесі

Ұзақ жылын театр мен киноға арнаған актриса жас әріптестеріне мамандықты саналы түрде таңдауды, ізденісін тоқтатпауды ұсынды. Оның айтуынша, өнердегі жол үнемі табысты рөлдер мен қошеметтен тұрмайды. Күткен мүмкіндік келмегенде де еңбек ете білу қажет.

"Ең алдымен, өз мамандығыңды жақсы көруің керек. Өнерді тек атақ пен танымалдық үшін таңдауға болмайды. Бұл сала үлкен еңбек пен төзімділікті талап етеді. Кейде өзің күткен рөл бұйырмайды, кейде еңбегің бірден бағаланбайды. Сондай кезде де ізденуді тоқтатпау қажет", – деді ол.

Меруерт Өтекешова актерге шеберлікпен қатар, адамды түсінетін жүрек керек деп есептейді. Өмірді бақылау, оқу, өзімен жұмыс істеу кейіпкерді тереңірек тануға көмектеседі.

"Актерлік өнерде жүрек тазалығы маңызды. Кейіпкерді түсіну үшін адамды түсіне білуің керек. Ал адамды түсіну үшін өмірді тану қажет. Көп оқу, іздену, бақылау, өзіңді дамыту – мұның бәрі актердің қалыптасуына әсер етеді.

Жас әріптестеріме таланттарыңды бағалаңдар, бірақ тек талантқа сеніп қалмаңдар дер едім. Еңбек етіңдер, жақсы ұстаздардан үйреніңдер, өздеріңді жетілдіріңдер. Ең бастысы, өнерге адал болыңдар. Өйткені жүректен шыққан дүние ғана көрерменнің жүрегіне жетеді", – деп түйіндеді актриса.

Меруерт Өтекешова кім?

Меруерт Қаратайқызы Өтекешова – қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ол 1951 жылғы 25 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген. Көпшілікке Сұлтан Қожықов түсірген "Қыз Жібек" фильміндегі Жібек рөлі арқылы танылды.

1968 жылы Алматыдағы №66 мектепті бітірген соң, аталған фильмге түсуге шақырылған. 1969–1973 жылдары Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетінде білім алып, Хадиша Бөкееваның класында оқыған. Театрдағы алғашқы рөлі – Шыңғыс Айтматовтың "Ана-Жер-Ана" шығармасы бойынша қойылған спектакльдегі Әлиман бейнесі.

Кинода "Қыз Жібек", "Тентек балалар", "Аждаһа жылы", "Ақ бақсы" және өзге де туындыларға түскен. "Қаракөз" спектакліндегі рөлі үшін 1982 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық жастар шығармашылығы байқауының лауреаты атанған. Сол жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағын алған. Өнерге қосқан үлесі үшін 2008 жылы "Құрмет", 2017 жылы "Парасат" ордендерімен марапатталған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу