Актриса әрі блогер Мереке Қалбаева келін болып түскен алғашқы жылдары енесімен тіл табысу оңай болмағанын айтты. Өнер иесінің сөзінше, күйеуінің анасы ұлын қызғанып, оның отбасылы болғанына үйренісу үшін психологтың көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Malim.kz.
Мереке Қалбаева "Не дейді?" бағдарламасында отбасылық өмірінің алғашқы кезеңін еске алды. Ол енесі екеуінің арасында түсініспеушіліктер болғанын жасырмады. Бір шаңырақтың адамдарына айналғанымен, екеуіне бір-бірін жақын қабылдау үшін уақыт қажет болған.
Актриса өзін де бірден енесіне бауыр басып кетті деп айта алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бастапқыда араларында салқындық сезілген. Тіпті амандасқан кездерінде де еркіндік пен жақындық болмаған.
"Басында түсініспеушіліктер өте көп болды. Бірақ шынын айту керек, енемді бірден жақсы көріп кеткен жоқпын, енем де мені қабылдаған жоқ. Алғашқы кездері тіпті бет сүйісіп амандаспайтын едік. Мен сүйіп амандасуға тырыссам да, енем қашқақтайтын", – деп еске алды актриса.
Енесі психологтың көмегіне жүгінген
Сұхбат барысында блогер енесінің ұлына деген ықыласы туралы да сөз қозғады. Мерекенің айтуынша, Арсен Акиевтің анасына баласының үйленіп, жеке отбасын құрғанын қабылдау қиынға түскен.
Өнер иесі енесінің екі ұлы бар екенін айтты. Оның сөзінше, анасы Арсенге ерекше бауыр басқандықтан, баласын өз алдына жіберуге бірден дайын болмаған. Осы сезімін түсініп, ұлының өміріндегі өзгеріске үйренісу үшін маманға барған.
"Енем Арсен екеуіміз үйленген кезде қызғанғаны соншалық, баласын босату үшін психологқа барған. Екі ұлы бар. Арсенді қатты жақсы көрген ғой. Оны бірден босата алмаған, жүрегі ауырған", – деді блогер.
Мереке Қалбаева бұл жағдайды еске ала отырып, енесінің ұлына қаншалықты жақын болғанын жеткізді. Оның әңгімесіне қарағанда, алғашқы кездегі қиындықтардың бір себебі де анасының баласын бөлек шаңырақтың иесі ретінде қабылдауға қиналуымен байланысты болған.
Қазір құрбыдай араласады
Дегенмен алғашқы жылдардағы салқындық уақыт өте келе сейілген. Актрисаның айтуынша, бүгінде енесімен қарым-қатынасы мүлде басқа. Бұрын бір-біріне жақындай алмаған ене мен келін қазір еркін сөйлесіп, жақсы араласады.
"Екеуміз қазір құрбы секілді болып кеттік", – деді Мереке Қалбаева.
Осылайша, блогер отбасылық өмірінің басындағы түсініспеушіліктердің кейін шешілгенін айтты. Бір кездері сүйіп амандасудың өзі ыңғайсыздық туғызған болса, қазір екеуінің арасында жақын қарым-қатынас қалыптасқан.
Айта кетейік, Мереке Қалбаева мен Арсен Акиев 2018 жылы шаңырақ көтерген. Екеуі де көрерменге жайдарман сахнасындағы өнерімен танылған. Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы – алты жас. Бүгінде олар үш бала тәрбиелеп отыр.
Мереке Қалбаева кім?
Мереке Қалбаева – актриса, блогер, жайдарман арқылы көпшілікке танылған өнер иесі. Әзіл сахнасындағы өнерімен көрерменнің ықыласына бөленген ол әлеуметтік желіде де белсенді.
Мереке жеке парақшасында отбасылық өмірі мен күнделікті тіршілігінен сәттер бөлісіп тұрады. Сұхбаттарында да тұрмысқа, ерлі-зайыптылардың арақатынасына және келіндік өмірге қатысты тәжірибесін ашық айтады.
Жұбайы – жайдарманшы Арсен Акиев. Өнер ортасы арқылы танылған жұп 2018 жылы отбасын құрған. Мереке күйеуінен алты жас үлкен. Қазір ерлі-зайыптылар үш баласын тәрбиелеп, отбасылық өмірі мен шығармашылық жұмысын қатар алып жүр.