Ақтөбедегі жоғары көпсалалы "Болашақ" колледжінің студенттері мен ата-аналары оқу ақысының күрт қымбаттауына шағымданды. Олар төлемнің не себепті өскенін түсіндіруді және оқу орнын тексеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Колледж алдына жиналғандар Оқу-ағарту министрлігі мен құзырлы органдардың назарын аударуға тырысқан. Ата-аналар прокуратураға да арыз түсірген.
"300 мың теңгеден 575 мыңға көтерілді"
"Акушер ісі" мамандығының екінші курс студенті Динара Қойшығұлованың айтуынша, былтыр оқуға түскенде жылдық төлем 300 мың теңге болған. Биыл бұл сома 575 мың теңгеге жеткен.
"Екінші курсқа өткенде, қыркүйекте бізге нақты ақпарат берілмеді. Оқу ақысы шамамен 400 мың теңге болатын шығар деп ойладық. Бірақ 575 мың теңгеге көтерілді. Студенттер де, ата-аналар да бұған қарсы. Бағаның неге сонша өскенін түсіндірсін", – деді ол.
Динара колледждегі білім сапасына да көңілі толмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, оқу ақысы университеттегі төлеммен шамалас болғанымен, білім беру жағдайы соған сай емес.
Студент Диана Есіркеп те төлемнің жыл сайын өсуі отбасыларға ауыр тиіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, кей студенттердің оқу ақысы 650 мың теңгеге жеткен.
"Директор "Оқысаңдар — оқыңдар, оқымасаңдар — кете беріңдер" дейді. Бірінші курста жақсы қарсы алып, соңғы курсқа келгенде осылай айту дұрыс па? Диплом алатын уақыт жақындағанда басқа оқу орнына қалай ауысамыз? Неге бірден 650 мың теңге? Қосымша 200 мың теңгенің есебі қандай?" – деді студент.
Ата-аналар тексеріс жүргізуді сұрайды
Алты баланың анасы Бибігүл Аймағанбетова оқу ақысының қымбаттауы отбасының мүмкіндігін шектейтінін жеткізді. Оның айтуынша, жолдасы базарда аула сыпырушы болып жұмыс істеп, айына 80 мың теңге алады.
"Екінші балам да оқуға түсіп жатыр. Әлі төрт балам бар. Оларды киіндіру керек, тамақ та қымбат. Өзіміз оқымасақ та, балаларымыз оқысын дейміз. Жоғары жақ тексеріп, жағдайға назар аударсын", – деді ол.
Наразылық білдірушілердің айтуынша, кей отбасылар оқу ақысын төлеу үшін несие алған. Енді төлемнің өсуі студенттердің білімін жалғастыруына кедергі келтіруі мүмкін.
Колледж қымбаттауды немен түсіндірді?
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Омарова оқу ақысының өскенін растады. Ол мұны нарықтағы жағдаймен және жекеменшік оқу орнының шығындарын өзі өтейтінімен түсіндірді.

Оқу ақысының көтерілгені рас. Біз жекеменшік колледж болғандықтан, өзімізді өзіміз қамтамасыз етеміз. Бірақ барлық мамандықта төлем бірдей, 100 пайызға өскен жоқ. Әр мамандықта әртүрлі өзгерді. Кейбірінде 50–56 пайызға көтерілгені рас. Келісімшартта оқу ақысының өзгеруі мүмкін екені көрсетілген", – деді ол.
Студенттер мен ата-аналар төлем мәселесімен қатар, колледждің жағдайын да тексеруді сұрап отыр. Ulysmedia мәліметінше, екі қабатты шағын ғимаратта 1 500 студент білім алады. Оқу орнында болашақ мұғалімдер мен медицина мамандары даярланады.
Колледждің материалдық-техникалық базасының талаптарға сәйкестігі және соңғы тексерістің қашан жүргізілгені туралы мәлімет әзірге берілмеген.