Жетісулық отбасы бір күнде төрт ұлмен толықты. 31 жастағы әйел төртем босанып, жеті баланың анасы атанды. Бүгін, 10 қарашада, ана мен сәбилер перзентханадан салтанатты түрде шығарылды, деп Malim.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сирек кездесетін қуанышты оқиға Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында болған. Жетісу облысынан келген әйелдің жүктілігін бақылаған мамандар төрт нәрестенің аман-есен дүниеге келуі үшін қажетті медициналық көмек көрсеткен.
Төртем 24 қыркүйекте, жүктіліктің 30 апта 6 күнінде кесарь тілігі арқылы туған. Отбасы төрт ұлға Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есімдер берген. Бұған дейін үш бала тәрбиелеп отырған ата-ана енді жеті балалы болды.
Көпбалалы ана құрсағында бірден төрт сәби барын естіген сәттегі сезімін бөлісті. Оның айтуынша, бұл жаңалық қуантқанымен, алдағы жүктілік пен босануға байланысты алаңдаушылық та болған.
"Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім. Маған және сәбилеріме қамқорлық көрсетіп, қолдау білдірген дәрігерлер мен барлық медицина қызметкеріне шексіз алғыс айтамын!" – деді ол.
Министрліктің хабарлауынша, әйел жүктіліктің 23-аптасынан бастап ғылыми орталық мамандарының бақылауында болған. Мерзімінен бұрын босану қаупі жоғары болғандықтан, дәрігерлер оның денсаулығы мен сәбилердің жағдайын тұрақты қадағалаған. Сондай-ақ ықтимал асқынулардың алдын алып, қажетті емшараларды жүргізген.
Ведомство төртемнің дүниеге келуі сирек кездесетінін атап өтті. Мұндай жүктілікті жүргізу мен босандыру дәрігерлерден кәсіби біліктілікті, мұқият бақылауды және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл жолы да ана мен балаларға көмек көрсетуге бірнеше бағыттың мамандары жұмылдырылған.
"Мұндай жүктілік барысын қадағалау акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтардың үйлесімді жұмысын талап етті. Әрбір осындай қуанышты оқиғаның артында медицина мамандарының орасан зор еңбегі, жауапкершілігі, кәсіби біліктілігі мен ең күрделі клиникалық жағдайларда әрекет етуге дайындығы тұр", – делінген министрлік хабарламасында.