Тоңазытқышындағы тамақтың азайып қалатынын байқаған ер адам үйіне камера орнатқан. Бейнежазбадан өзі жоқта бөлмелерді аралап жүрген бөтен әйелді көріп, полиция шақырған. Тексеру кезінде әйелдің шкаф ішіндегі тар қуысты паналап жүргені анықталған, деп Malim.kz тілшісі ABC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2008 жылы жарияланған оқиғаның кейіпкері – 57 жастағы ер адам. Ол үйінде жалғыз тұратынына сенімді болған. Бірақ тоңазытқыштағы азық-түліктің жоғала беруі күдігін оятқан.
Мән-жайды анықтау үшін үйіне бақылау камерасын қойған. Көп ұзамай камера оның өзі жоқта үй ішінде бөтен адамның жүргенін тіркеген.
Ер адам полицияға хабарласқан. Қызметкерлер баспананы иесінің қатысуымен тексеріп, шкафтың ішінен 58 жастағы әйелді тапқан.
Ол жасырынған қуыс адам тек жатып сыятындай тар болған. Соған қарамастан, әйел ішіне төсеніш пен бірнеше пластик бөтелке кіргізіп алған.
Полицияға берген түсініктемесінде әйел тұратын жері болмағанын айтқан. Мамандардың сол кездегі болжамынша, ол бұл баспананы шамамен бір жыл бойы паналаған, бірақ үздіксіз тұрмаған.
Әйел ұсталған. Ал оның үйге қалай байқатпай кіріп-шыққаны және қанша уақытын шкаф ішінде өткізгені тексерілген. Полиция оның басқа үйлерді де осылай паналауы мүмкін екенін қарастырған.